Басты Жаңалықтар Президент ТМҰ елдерінің Ішкі істер министрлерімен кездесті

Президент ТМҰ елдерінің Ішкі істер министрлерімен кездесті

Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық жылдан жылға нығайып келеді. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Ішкі істер министрлерімен кездескен Мемлекет басшысы осылай деді. Ұйым тарихы, тілі, дәстүр мен мүддесі ортақ мемлекеттер арасындағы жан-жақты ықпалдастықты, соның ішінде күштік құрылымдар арасындағы байланысты күшейтуге үлес қосып отырғанын да атап өтті. Сондай-ақ әлемдегі тұрақсыз ахуал мен сын-қатерлердің артып келе жатқанына назар аударып, заман талабына сай шапшаң әрекет етуіміз қажет деді. Осы мақсатта түбегейлі реформалар жүзеге асырылып жатқанын да тілге тиек етті. Президент Қазақстанда мемлекеттік басқару, қауіпсіздік және құқық қорғау салаларында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесін құру жоспарланғанын айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі елдері арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту маңызды екенін атап өтті. Іс-шарада Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев те сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің достығымызды бекемдей түсуге Түркі мемлекеттері ұйымы зор үлес қосуда. Қазақстан бұл беделді құрылыммен жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға баса мән беріп отыр. Ұйымға мүше елдер түрлі саладағы, соның ішінде күштік құрылымдар арасындағы өзара байланысын күшейтіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ішкі істер министрлерінің кездесуі айрықша маңызды екені сөзсіз.


Бөлісу