Басты Жаңалықтар Ел және әлем жаңалықтарына қысқа шолу

Ел және әлем жаңалықтарына қысқа шолу

Болашақ жұп некеге тұрғанға дейін оқып алғаны жөн

Қазақстанда шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген жұптарға некеге дейін оқыту бағдарламасы ұсынылмақ. Арнайы сабақтарда отбасылық жауапкершілік, бала жоспарлау, құқықтық сауаттылық, қаржыны басқару және ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас мәселелері қамтылады. Бағдарлама 2024–2025 жылдары сынақтан өтіп, жүздеген жұпты қамтыған. Енді оқу Отбасын қолдау орталықтарында тұрақты түрде  ұйымдастырылады. Қатысу ерікті, ол үшін тұрғылықты жердегі Отбасын қолдау орталығына жүгінуге болады.
Биыл 74 мыңнан аса жұп шаңырақ көтерген
Қазақстанда биыл отбасын құрған жұптардың саны 74 мыңнан асты. Қаңтар-тамыз айларында елімізде 74 648 неке ресми түрде тіркелген. Әсіресе жаз айларында неке қию көрсеткіші жоғары болған. Үш айдың ішінде 38 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген. Жаңа отбасылар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 12 мыңнан астам неке тіркелсе, Астанада 9 мыңға жуық, Түркістан облысында 5 мыңнан астам жұп некесін ресми рәсімдеген.
Apple бүктелетін iPhone таныстырды
Apple бүктелетін алғашқы iPhone-ын таныстырды. Компания тарихындағы алғашқы бүктелмелі смартфон екі дисплеймен жабдықталған: сыртқы экраны 5,4 дюйм, ішкі экраны 7,6 дюйм. Құрылғы A20 Pro процессорымен және осы форматқа бейімделген iOS 27 жүйесімен жұмыс істейді. Смартфонның АҚШ-тағы бастапқы бағасы – $1999. Алдын ала тапсырыс 16 қазанда, ал ресми сатылым 23 қазанда басталады.
М.Шайдоров Олимпиададан кейін алғаш рет Халықаралық жарысқа шықты
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миландағы тарихи жеңісінен кейін алғаш рет халықаралық турнирде өнер көрсетеді. Спортшы 24–27 қыркүйек аралығында Братиславада өтетін Nepela Memorial турниріне қатысады. Байрақты бәсеке ISU Challenger Series 2026/27 маусымының аясында ұйымдастырылады. Ерлер арасындағы жеке сайысқа 29 спортшы қатысуға өтінім берген.


Бөлісу