Құрылтайда заң жобалары үш оқылымда қаралады
Құрылтайда заң жобалары үш оқылымда қаралады. Бүгін депутаттар бірпалаталы органның регламентін бекітті. Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаты мен міндеті талқыланады. Екінші оқылымда енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда Конституцияға және қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтіні қаралуы керек. Құрылтай отырыстары әдетте сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар жұмада, ал Үкімет сағаттары дүйсенбіде өткізіледі. Отырыс депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни 97 депутат қатысқан кезде заңды болып саналады. Депутаттар Премьер-Министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларына және өңір әкімдеріне депутаттық сауал жолдай алады. Оған жауап бір айдан аспайтын мерзімде берілуі тиіс.
Депутаттық сауалдан басқа депутаттар Үкіметке сұрақ қойып жіберуге де құқылы. Яғни өңірге, сайлаушылардың мүддесіне қатысты кейбір сұрақтарды үкіметтің алдына сұрақ ретінде жібергені – бәрі ашық жазылып, есеп тапсырылады.
Құрылтайда сегіз комитет құрылды. Олар заң жобаларын әзірлеу және Құрылтай қарауына жататын мәселелерді дайындау үшін жұмыс істейді. Ал Құрылтайдың үйлестіруші органы – бюро. Оны Құрылтай төрағасы басқарады. Бюро заң жобалары бойынша бас комитеттерді айқындайды, күн тәртібін түзеді, жұмыс органдарының қызметін үйлестіреді және тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізу туралы шешімдер қабылдайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы