Басты Жаңалықтар «Бүркітші» көркем фильмі көрерменге жол тартты

«Бүркітші» көркем фильмі көрерменге жол тартты

Астанада отандық киноиндустриядағы тың бағыт — «Бүркітші» көркем фильмінің премьерасы өтті. Қазақстандағы тұңғыш dark-триллер жанрында түсірілген туынды қоғамдағы өткір әлеуметтік және адамгершілік мәселелерін ашық көрсетеді. Оқиға жасөспірімнің жұмбақ өліміне қатысты қылмысты тергеуден басталып, бүркітші мен полиция қызметкерін күрделі істердің түйінін шешуге жетелейді. Фильм былтыр Алматы облысының Кеген ауылында таспаланған. Түсірілім жұмыстары бір жарым айға жуық уақытқа созылған. Картина жас режиссер Қуаныш Стахановтың дебюттік жұмысы. Басты рөлдердІ Зарина Кармен мен Берік Айтжанов сомдаған.

Зарина Кармен, актриса:

Шыншыл, өзінің мамандығына адал жан. Эмоцияға берілген жан, отбасы жоқ. Сондықтан бірден «мен» ғана, «менің сөзім ақиқат» деп айтып шыға келеді. Содан өзі бір жаңылысады, сүрінеді. Ең бастысы - өте маңызды тақырыпты көтердік. Мысалы, зорлық-зомбылықты көрген қаншама әйел бар. Бірақ оның қаншасы айтып жатыр дейсіз сол мәселені. Сондықтан да бұл тақырып айтылуы керек, айқын айтылуы керек. Фильмнің де айтары осы.  

«Бүркітші» тек детективтік желісімен шектелмейді. Фильмде зорлық-зомбылық, заң бұзушылыққа немқұрайды қарау және оның адам тағдырына әсері секілді мәселелер көтеріледі. Сондықтан туындыны мемлекеттік қолдауға ие болған әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі деуге болады.

Құрманбек Жұмағали, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы:

Бұл жоба – қоғамға ой салатын жоба болғандықтан, біз заң бұзудың салдарын, кесірін немесе салғырт қараудың мәселесін немесе зорлық-зомбылық мәселесін көтереміз. Және де қоғамда мұндай дүние болмасын деген ой саламыз. Тағы да қуантарлық дүние - соңғы жылдары жастардың көптеп келіп жатқандығы. Біздің 57 жобамыз үш жылда қолдау тапса, сол 57 жобаның 70 пайызы жастар.

Картина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Биыл орталық ұйымдастырған конкурсқа 444 жоба келіп түскен. Оның 80 пайызы – көркем фильм. Жобалардың барлығы сараптамалық топтың сүзгісінен өтеді. Ал «Бүркітші» – осы қолдаудың нәтижесінде көрерменге жол тартқан жас режиссерлердің еңбектерінің бірі. Фильм бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.


Бөлісу