«Тарифті инвестицияға айырбастаудың» жаңа бағдарламасы іске қосылды
Ақмола облысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы аясында жүздеген шақырымдық электр желілері мен 20 шақты трансформаторлық қосалқы станция жаңартылды. Оған соңғы екі жылда 6 миллиард теңге бөлінген.
Биыл Көкшетау қаласы бойынша 17 қосалқы станция жаңартылды. Заманауи талап бойынша енді оның әрқайсысында бір емес, екі трансформатор жұмыс істейді. Яғни, біреуі істен шықса, автоматты түрде екіншісі қосылады. Сөйтіп бұрынғыдай апат болса, жарықсыз отыру деген мүлдем болмайды, дейді мамандар. Әсіресе Застанционный шағынауданындағы 9 қосалқы станцияның барлығы жаңарды. Оның үстіне 200 метрге жуық электр желілері ауыстырылды. Жоба аясында шаһардағы стратегиялық нысандарға электр қуатын тарататын қосалқы станцияларды жаңартуға басымдық берілді.
Нұрлан Жүнісов, Көкшетау қалалық электр желілерінің бас инженері:
Қосалқы станцияның ескіргені 80-90 пайыз ескі болған. Бұл қосалқы станциясы 1991 жылы іске қосылған болатын. 2025 жылы толық жаңартылып, барлық жабдық ауыстырылып, бұған қашықтан басқару, қашықтан бақылау және жүктемелердің бәрін қашықтан қарап, басқара аламыз.
Жалпы, өңірдегі энергетикалық инфрақұрылым бүгінде шамамен 80 пайызға ескіріп, электр желілері мен бағандарының әбден тозығы жетіп тұр. Осыны ескерсек, тарифтен түскен инвестиция арқылы энергетикалық дағдарысты еңсеру жақын арада мүмкін емес. Сондықтан биылдан бастап Үкімет «Тарифті инвестицияға айырбастаудың» жаңартылған бағдарламасын іске қосты. Энергетикалық нысандарды жаппай жаңғырту үшін екінші деңгейлі банктен қомақты қаражат бөлінеді. Мәселен, Ақмола облысына биыл 24 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Ол тарифтен түскен қаражат арқылы өтелмек.
Досымхан Аралбаев, «Көкшетау энерго» ЖШС бас директоры:
Бұл жоба 5 жылға арналған. 5 жылда орта есеппен 3 пайыздан тозуын кемітсе, 15 пайызға дейін азайту межесі тұр. Біздің қазіргі тозу деңгейі 83 пайыздың шамасында 65 пайыздың төңірегінде 30-жылдың аяғында 65 пайызға жетуіміз керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы