Басты Жаңалықтар Елімізде психологтардың мемлекеттік тізімі жасақталады

Елімізде психологтардың мемлекеттік тізімі жасақталады

Елімізде психологтардың мемлекеттік тізімі жасақталады. Еңбек министрлігі тиісті ережелер жобасын жариялады. Жаңа талап бойынша тізімге кірмеген адам психолог болып жұмыс істей алмайды және өзін психолог деп атай алмайды. Сонымен психологтарға қандай талап қойылады, не істеуге тыйым салынады? Самал Қабышева рет-ретімен түсіндіреді.

Самал Қабышева, тілші:

Енді психологтар реестрге тіркелуге міндетті. Онсыз жұмыс істей алмайды. Базаға тіркелу үшін психологтың білімі, жұмыс орны, біліктілік деңгейін растайтын құжаттары болуы шарт. Шетелдік диплом болса, ол диплом Қазақстанда жарамды болуы тиіс. Ал, базаға тіркелмегендер тіпті психологиялық қызмет былай тұрсын, психологиялық қызмет көрсететіндей әсер қалдыратын атауларды қолдану құқығынан айырылады. Жеке қабылдау жүргізетін психологтан бастап, мектепте, ауруханада немесе басқа мекемеде жұмыс істейтін психолог та мемлекеттік тізімге тіркелуі керек.

Самал Қабышева, тілші:

Ал әскери және құқық қорғау мен арнаулы мемлекеттік органдардағы психологтарға бұл талап қойылмайды. Реестрге тіркелген маманға автоматты түрде бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Базада психологиялық қызметтің 17 бағыты көрсетілген. Балалар, жасөспірімдер, отбасылық, дағдарыстық сынды осындай 17 түрі бар. Көрсетілген бағыттардың бірін таңдап, психологтар жұмыс істей алады. Яғни маманның дипломы, біліктілігі мен кәсіби мәртебесі мемлекет бақылауында болады. Ал қазақстандықтар психологты таңдамас бұрын оның аты-жөнін, өңірін, мамандығын және тізілімдегі мәртебесін тексере алады. Мемлекеттік базаға психолог туралы толық ақпарат енгізіледі. Психолог дәрігер емес. Сондықтан диагноз қоюға, дәрі-дәрмек тағайындауға және психобелсенді заттарды қолдануға кеңес беруге оның құқығы жоқ. Егер клиенттен медициналық емді қажет ететін белгі байқалса, психолог жұмысты тоқтатып, психиатрға жүгінуге кеңес беруге міндетті. Ал 2028 жылдан бастап кәсіби біліктілікті растайтын сертификат алу міндетті болады. Яғни ол сертификат болмаса, қанша жерден бірнеше дипломы болса да психолог болып халыққа қызмет көрсете алмайды. Ал талапты бұзған психолог базадан шығарылады. Қызмет көрсету құқығынан айырылады.


Бөлісу