$100 млрд: Қазақстан мен Қытай сауда көлемін арттырады
Қазақстан Қытаймен сауда-саттықты 100 млрд долларға жеткізуі міндетін қойды. Мемлекет басшысының «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатының толық нұсқасы жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласында ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын айтты. Алдағы жылдары елімізде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асады. Осы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақыты 5 күннен 3 күнге дейін қысқармақ. Алып көршімен қарым-қатынастың келешегі қандай болмақ? Президент сұхбатының маңызды тұстарына тілшіміз тоқталады.
Біз Қытаймен достықты жоғары бағалаймыз. Осылай деген Президент екі ел арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін айтты. Шығыстағы ел тек көршіміз ғана емес, басты сауда серіктесіміз. Былтыр алыс-беріс 50 млрд долларға жуықтады. Ендігі міндет оны екі еселеу. Сенімді серіктестіктің стартегиялық маңызды бағыты – көлік-логистика. Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы өтетін транзиттің 85 пайызы бізге тиесілі. Тасымал табысын арттыру үшін күре жол құрылысына қарқын беріліп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жақында Шанхайға жасаған сапарым барысында «Достық – Алашаңқай» екінші теміржол желісін салу туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Оны іске қосу осы маңызды шекаралық өткелдің өткізу қабілетін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Қолданыстағы инфрақұрылымды айтарлықтай жеңілдетуге және 20 миллион тонна көлемінде қосымша жүк ағынын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Аягөз – Тачэн» үшінші теміржолының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ынтымақтастығымызда Транскаспий халықаралық транспорт бағдары немесе Орта коридор басым орын алады.
Бұдан бөлек Ляньюньганьдағы бірлескен терминал, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты және Ақтаудағы контейнерлік хаб табысты жұмыс істеп тұр. Сиань мен Алматыда да жүк терминалдары іске қосылған. Енді Чэнду қаласында жаңа қазақ-қытай теміржол терминалы салынып жатыр. Жүк тасымалында автожолдардың да үлесі артып келеді. Былтыр тасжолмен 8 миллион тонна жеткізілген. Президент бұл ретте «Арал – Каспий» жаңа күре жолына тоқталды. Жоба Қазақстанның транзиттік өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Ол іске қосылған соң жүк жеткізу 5 күннен 3 күнге дейін қысқарады. Қазақстан тек логистикалық емес, цифрлық хабқа айналуды көздеп отыр. Бұл ретте Қытайдың технологиялық әлеуеті аса маңызды деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуға ұмтылуда. Осыған байланысты Екібастұз қаласындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының маңызы зор. Біз Alatau City жобасына да айрықша көңіл бөліп отырмыз. Сөз бірегей экономикалық және технологиялық экосистеманы қалыптастыру туралы болып отыр. Бұл жерде цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект қаланы басқаруға, транспортқа, энергетикаға, білім беруге және қоғамдық сервистерге біріктірілетін болады.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы гуманитарлық
байланыстардың да қарқынды дамып келе жатқанын айтты. 2026 жыл Қазақстан мен
Қытай арасындағы Мәдениет алмасу жылы болып жарияланған. Былтыр Бейжіңде
Қазақстанның мәдени орталығы ашылды. Визасыз тәртіптің енгізілуі туризмге де
серпін берген. 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 47 пайызға
өсіп, 962 мыңға жеткен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы