Қазақстан – инвесторлар назарында
Әлем назары Қазақстанға ауды. Шетелдік ірі компаниялар еліміздегі тау-кен өнеркәсібі, логистика және IT саласына инвестиция құймақ. Ал кейбір инвесторлар қазақстандық дарынды жастарға көз тігіп отыр. Елордада өтіп жатқан «Astana Finance Days» халықаралық қаржы форумында тағы бірнеше салаға капитал тарту мәселесі қозғалды. Толығырақ шараға қатысып келген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатсын.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Алпауыт компаниялар мен ірі қор өкілдері Астанада бас қосты. Олардың жалпы капиталы 27 трлн доллардан асады. Бұл қыруар қаражат. Олар өз қаржысын түрлі салаға құюды көздейді. Әлемде инвестицияға талас жүріп жатқан шақта бұл форум Қазақстан үшін таптырмас мүмкіндік.
Қаржы және технология секторларының өкілдері, мемлекеттік сондай-ақ квазимемлекеттік институттар, халықаралық бизнес өкілдері бәрі осында. Жалпы, форумға 90 түрлі елден 7 мыңнан аса адам қатысып отыр.
Жанболат Кәкішев, «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры:
Қызығушылық өте көп. Ұлыбритания, Қытай, АҚШ-тан көп-көп делегат келіп жатыр. Осындай форумдардан кейін кейбір қорлар өздерінің өкілеттіліктерін ашатын болады.
Бұл ірі қорлар Қазақстанда өз кеңселерін ашып, түрлі жобаларға инвестиция салады деген сөз. Астана халықаралық қаржы орталығы осы нәтижеге жету үшін шамамен 10 жыл бойы инфрақұрылымды қалыптастыру бағытында жұмыс істеген.
Асқар Қадыров, қаржыгер:
Қазақстан өте қолайлы әрі тартымды болып тұр. Дәл қазіргі уақытта жан-жағымызға қарағанда ең тұрақты қаржылық орталық осы Қазақстан болып отыр.
Қазақстан инвесторлар үшін ең тартымды елдердің қатарында. Investing.com басылымының мәліметінше, еліміз инвесторлар үшін қолайлы мемлекеттер рейтингінде 17 сатыға жоғарылап, 70-орыннан 53-орынға көтерілген. Биыл Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 9,6%-ға өсіп, 20 млрд АҚШ долларынан асты.
Мишал Джабер Әлфарас, «Janus Henderson Investors» компаниясының Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия бойынша өңірлік басшысы:
Шетелдік компаниялар үшін Астана халықаралық қаржы орталығының басты артықшылығының бірі – мұнда ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген дербес құқықтық жүйенің болуы. Сондай-ақ орталық жаңа технологиялар мен цифрлық активтерді дамытуға ерекше көңіл бөліп, осы бағытта инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
Форумға BlackRock, Brookfield секілді ірі халықаралық инвестициялық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Гонконг, Қытай, Ұлыбритания және басқа елдердің инвесторлары келген. Барлығының мақсаты ортақ – табысты салаға капитал құю. Әсіресе тау-кен өнеркәсібі, логистика және IT саласына қызығушылық жоғары. Ал кейбір компаниялар еліміздегі дарынды жастарға көз тіккен.
Олег Хусаенов, «Zubr Capital» инвестициялық компаниясының бас директоры:
Бізді қазақстандық дарынды жастар қызықтырады. Бізге өз күшімен компания ашып, табысты еңбек ете алатын адамдар керек. Бүгінде Қазақстанда инновациялық инфрақұрылымның жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Ал оның қозғаушы күші талантты азаматтар. Біз жоғары технологиялар саласын қаржыландыратын компания ретінде осы бағытқа басымдық береміз.
Форум екі
күнге жоспарланған. Бүгін пленарлық сессиялар өтіп, әлемдік қаржы жүйесінің
болашағы, оның ішінде цифрлық теңге, цифрлық активтер, токенизация, жасанды
интеллект және капитал қозғалысының жаңа модельдері талқыланды. Ал ертең
тараптар нақты инвестициялық жобаларды ортаға салады. Яғни Астанадағы
кездесулердің нәтижесі капиталмен қатар, жаңа технология мен жаңа компаниялардың
пайда болуына жол ашуы мүмкін
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы