Қызылордада күнмен жұмыс істейтін күріш зауыты ашылды
Қызылорда қаласында күн энергиясынан қуат алатын күріш өңдеу зауыты іске қосылды. Жаңа кәсіпорын өндіріс шығындарын төмендетіп, нарықтық бәсекеде арзан өнім шығаруды көздеп отыр. Заман талабына сай жабдықталған зауыттың жұмысымен тілшіміз Әділбек Серікұлы танысып келді.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Күннен қуат алатын панелдер сағатына 500 кВт электр энергиясын береді. Баламалы қуат көзі күріш өңдеу зауытының толықтай жұмыс істеуіне жеткілікті болып тұр.
Аймақ үшін тың жобаны жүзеге асыруға жеке инвестор 1 млрд теңге қаржы құйған. Күріш ақтау цехына Қытайдың ең озық технологиясы орнатылып, барлық жұмыс процесі цифрлық жүйемен басқарылады. Мұнда егіс алқабынан әкелген қара күріштің қауызына дейін өңделеді. Яғни еш қалдық қалмайды. Ал өнімділік бірнеше есе артып отыр.
Сағидулла Сыздықов, зауыт директоры:
Бұрынғы зауыттарымыз сағатына 5-6 тонна күріш салысын қабылдаса бұл зауыт сағатына 12-13 тонна күріш салысын қабылдайды. Біздің қазіргі ең алғашқы мақсатымыз күріштің өз құнын түсіру. Сол адамдармен, сол жұмыспен қуаттылығымызды арттыру керек.
Жаңа зауытта 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, екі ауысыммен еңбек етіп жатыр. Қазір күзгі жиын-терім науқаны болған соң қондырғылар тоқтаусыз іске қосылып тұр. Күніне 100 мың тоннадан астам дайын өнім шығады. Баламалы энергиямен жұмыс істейтін кәсіпорында жұмысшыларға да қолайлы жағдай жасалған.
Ерасыл Ақылбек, жұмысшы:
Зауыт толығымен автоматтандырылған барлығы. Қаптың өзін мысалы кармен тасымалдаймыз. Яғни, көлікпен. Мұның өзі тоқпен қуат алады. Біздің зауыт толықтай экологиялық өнімге негізделген.
Жаңашылдықты өндіріске енгізіп, шығынды азайтқан серіктестік бүгінде Сыр күрішінің 60 пайызын шет мемлекеттерге экспорттап, қалғанын ел нарығына шығарып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы