Ұлттық қордан ірі жобаларға қаржы бөлінеді
Қазақстан Ұлттық қорындағы валюталық активтер 65,5 миллиард долларға жетті. Қордың негізгі міндеті қаржыны болашақ ұрпаққа сақтау және экономиканы сыртқы қауіп-қатерден қорғау. Қазақстан енді қор қаражатының бір бөлігін ірі инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауды жоспарлап отыр. 2027 жылы бұл мақсатқа 4 миллиард доллар бөлу көзделген. 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 3 миллиард доллардан астам қарастырылған. Бұл қаржы жол, энергетика, коммуналдық желі, денсаулық сақтау және білім беру нысандарына жұмсау жоспарланған. Мұндай инвестициялар ел ішінде ұзақ мерзім қызмет ететін жаңа активтер қалыптастырады. Инфрақұрылымның жаңаруы бизнес шығынын азайтып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұлттық қорды стратегиялық мақсаттарға пайдалану әлемдік тәжірибеде де бар. Норвегия қордан алынатын қаржы көлемін инвестициялық кірістілікпен байланыстырады. Чили қор қаражатын экономикалық дағдарыстар кезінде тұрақтандыру құралы ретінде қолданған. Кувейт пен Әзербайжан ұлттық капиталдың бір бөлігін инфрақұрылым мен экономиканың маңызды салаларына инвестициялаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы