Басты Жаңалықтар Аймақтағы ең ірі қаржы форумы өтіп жатыр

Аймақтағы ең ірі қаржы форумы өтіп жатыр

Шетелдік ірі компаниялар Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібі, логистика және IT саласына инвестиция құюға әзір. Қазір оларға еліміздегі ауқымды жобалар таныстырылып жатыр. Астанада өтіп жатқан Орталық Азиядағы ең ірі қаржы форумына 90 түрлі елдің инвесторлары келген. Толығырақ осы шараға арнайы барған тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестен сұрап білсек. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Форумға қатысып жатқан компаниялардың жалпы капиталы 27 трлн доллардан асып жығылады. Осындай қыруар қаржысы бар инвесторларды тарту біздің басты міндетіміз, дейді мамандар. Бізде тау-кен өнеркәсібі, логистика және IT сынды қалталы компаниялардың капитал құюына лайық салалар жетерлік.  Жалпы, форумға 90 түрлі елден 6000-нан аса қаржы және технология секторларының өкілдері, мемлекеттік, сондай-ақ квазимемлекеттік институттар, халықаралық бизнес өкілдері қатысып жатыр. Форумды өткізудегі нақты мақсат қандай деген сұрақты Астана халықаралық қаржы орталығының өкіліне қойған едік. Жауабын бірге тыңдайық!

Жанболат Кәкішев, АХҚО Әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры:

Нақты мақсат - инвестиция тартудың алдында Қазақстанда қандай бастамалар бар, қандай бағдарламалар бар. Сол туралы инвесторларға айту, ашып айту. Қандай мүмкіндіктер бар? Бірақ қандай қиындықтар бар екенін де тура айшып айтып жатырмыз. Қызығушылық өте көп. Ұлыбритания, Қытай, АҚШ-тан көп-көрім делегаттар келіп жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазақстан инвесторлар үшін ең тартымды елдердің қатарында. Investing.com басылымының мәліметінше, еліміз инвесторлар үшін қолайлы мемлекеттер рейтингінде 17 сатыға жоғарылап, 70-орыннан 53-орынға көтерілген. Биыл Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 9,6%-ға өсіп, 20 млрд АҚШ долларынан асты. Форум екі күнге жоспарланған. Бүгін пленарлық сессиялар өтіп, әлемдік қаржы жүйесінің болашағы, оның ішінде цифрлық теңге, цифрлық активтер, токенизация, жасанды интеллект және капитал қозғалысының жаңа модельдері талқыланады.


Бөлісу