Басты Жаңалықтар Қатерлі ісікті анықтауға ЖИ көмектеседі

Қатерлі ісікті анықтауға ЖИ көмектеседі

Шымкентте қатерлі ісікті ерте анықтауға жасанды интеллектінің көмегі зор. Жүйе медициналық талдамаларды жіті зерделеп, күдік тудырған өзгерістерге ерекше мән беруге дәрігердің назарын аудартады. Жаңа технологияның мүмкіндігі жайлы өңірдегі тілшіміз тарқатады.

75 жастағы Жолдасбек Тұрманбетов Арыс қаласының тұрғыны. Биыл қаңтарда оның жұтқыншағынан дәрігерлер ісік анықтаған. Содан бері ем алып, бүгінде жағдайы едәуір жақсарған. Енді қария тексеру нәтижесін қолтықтап, кабинет жағалап сарсаңға түспейді. Барлық мед кескіндер ортақ PACS жүйесінде сақтаулы. Ал ЖИ оларды саралап, дерттің даму динамикасын бақылай алады.

Жолдасбек Тұрманбетов, Арыс қаласының тұрғыны:

Тіпті су өтпей қалған кездер болған. Енді қазір Құдайға шүкір тамақ ішіп жатырмын. Алдын сұйық тамақ еді қазір қою тамақты да аз-аздан ішіп жатырмын. ЖИ арқылы адамдар ауруын дер кезінде анықтап отыр және ол ауру қалай жүріп жатқанын жазылып жатыр ма жоқ кері кетіп жатыр ма соның бәрін анықтап отыр дәрігерлер. Бұл сол техниканың арқасында.

ЖИ элементтері әсіресе маммографиялық және өкпе диагностикасындағы кескіндерді талдауда дәрігерге қосымша құрал ретінде пайдаланылады. Жүйе күдікті өзгерістерді белгілеп, маманның назарын маңызды аймақтарға аударады.

Айнұр Әбілдаева , сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі:

Күніне 100-150 снимок қараған кезде кейде кейбір жерлерді байқамай қалуымыз мүмкін. Сол кезде ЖИ пайдасы өте зор. Өткізіп алмайды. Сразу участокты көрсетіп береді өзгеріс бар жоғын. Мына жерге қарау керек түйін бар кальцинат бар деп белгілеп береді.

Қазір цифрлық жүйе Шымкенттегі 21 медициналық ұйымға енгізілген. Осы уақытқа дейін 231 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, 13 мыңнан астам қорытынды жіберілген. Жүйе диагноз қоюға кететін уақытты қысқартып, медициналық көмекті жеделдетуге мүмкіндік береді.

Дәулетбек Жұмағали, қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:

Бірінші этапта жергілікті рентгенологтар түсіреді мамографиясын. Ал ол автоматты түрде біздің орталыққа түседі, Пакс системасы қарап отырады. Барынша аурудың анықталу этапының уақытын азайту ғой тиімді пайдалану.

Қалалық онкология орталығында қазір 9 мың 400 адам диспансерлік есепте тұр. Биылдың өзінде 1248 науқасқа алғаш рет онкологиялық диагноз қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, дертті ерте анықтап, емді дер кезінде бастау ауруды еңсерудің ең тиімді жолы.

Бөлісу