90 жастағы қария темірден түйін түйеді
Жамбыл облысы Белбасар ауылында 90-ға келсе де темірден түйін түйген ақсақал тұрады. Жастайынан токарь ретінде танылған Қартайған Баялбековтың 70 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Ол тіпті темір жонып қана қоймай, электронды күбілер ойлап тапқан. Бүгінде Шу ауданындағы ұстаның арқасында ұлттық сусын дайындайтын кәсіпкерлер де көбейген. Қарт ісмердің шеберханасында Данияр Әлімқұл болып қайтты.
Қартайған қарияның қартаюға уақыты жоқ. Ол көп күнін ауласының алдындағы шағын шеберханада өткізеді. 20 жасынан металл жонуды мықты меңгерген. Қария үшін ең қымбат зат «менің құрдасым» деп қалжыңдайтын мына токарлық жону құрылғысы. Кезінде Қажытархан қаласында жасалған. Көнетоз кескішпен көліктің қосалқы бөлшегінен бастап, тұрмыстық заттардың темір тетіктеріне дейін жасайды.
Қартайған Баялбеков, темір жонушы шебер:
Жасыма қарамаймын мен, пәлен жасқа келдім, 90-ға келдім деп жалқау болып жатқаным жоқ. Мен бірдеңе енгізуді ойлаймын, бірдеңе жаңалық әйтеуір соны істеп шығару, мысалы сынған нәрсе. Оны істемейінше қоймаймын. Ешқашан шаршадым деген емеспін. Осы күні бүгінге дейін жалықпаймын осыны істеп жүрмін. Еңбектен қашпау керек жастар. Еңбек түбі – береке!
Темірдің тоқпан жілігін шаққан шебер тоқпен істейтін күбі де ойлап тапқан. Қария ескі кіржуғыш техникасының қозғалтқышына қайта қан жүгіртіп, оған бес бөліктен тұратын темір саптайды. Сөйтіп қуат көзіне жалғау арқылы бір қалыптан айнымай пісетін элеткронды күбі жасаған.
Данияр Әлімқұл,тілші:
Атамыз ауылда отырып-ақ осындай 60-тан аса күбі жасаған екен. Шебердің қолынан шыққан дүние алыс-жақын ауыл адамдарының кәсібін көркейтуге көп көмек болып отыр. Тіпті қария кезінде дәл осындай механизммен жұмыс істейтін шағын су сорғы санциялары мен баспа құдықтарды да жасаған.
Қолы алтын қарияның қолтаңбасы бар күбілеріне сұраныс та артқан. Тіпті Шудың жазығына жылқы жусатқан ел электронды күбінің ерекшелігіне қызығып, қазық майлап, бие байлауға көшкен.
Баян Бекішова, ауыл тұрғыны:
Бұрын қолмен піскенде оны таңертең де пісесің, кешке де пісесің. Құрығанда 2 сағаттан пісесің, сонда сен қымызды дайындау үшін 5-6 сағат уақытың кетеді. Ал енді мотормен піскен кезде моторға қосып қоясың күбіні, өзің жұмысыңды жасай бересің. Ол мотор өзінің қызметін жасай береді. Сөйтіп уақыттан үнемдейміз және қол күшіміз де аз болады.
Ісмерді іздеп Меркі мен Қордай аудандарының тұрғындары да Белбасарға бет алады. Кейде қария тапсырыс берушінің үйіне де барып жасайды. Ал біз ақсақалдың түсірілімді тез аяқтауға асығып тұрғанын аңғардық. Сөйтсек, кешкі уақытқа кезекті тапсырыс түсіпті. Сондықтан қарт ұста велосипедін тақымдап, ауыл ішіне сұғына еніп бара жатты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы