Басты Жаңалықтар Президент Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысымен кездесті

Президент Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысымен кездесті

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысымен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Ұйым арасындағы 30 жылдан астам уақытқа созылған табысты әріптестікті одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады. Президент Дүниежүзілік кеден ұйымымен еліміздегі кеден заңнамасын жетілдіру және кедендік әкімшілендіру тиімділігін арттыруға қатысты ынтымақтастық маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстан Еуразиядағы көлік қатынасын нығайтып, жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп жатқанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев кеден рәсімдерін оңтайландыру үшін «ақылды шекара» моделі мен озық цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр, деді. Ал, Иэн Сондерс Дүинежүзілік кеден ұйымы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қарқынына жоғары баға беріп, еліміз кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруде, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде елеулі табысқа жеткеніне тоқталды. Кездесуде әлемдік саудадағы сын-қатерлер талқыланып, Орталық Азия өңірінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін арттыру жолдары сөз болды. Мемлекет басшысы кездесу соңында серіктестік пен достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысын II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.


Бөлісу