Жетісу облысында ұлттық тағам өндірісі өркендеп келеді
Жетісу облысында азық-түлік өндірісі қанат жайып келеді. Биыл жарты жылдың өзінде өңір шаруалары 47 мың тонна ет, 104 мың тонна сүт өндірген. Одан құрт, ірімшік, қазы секілді ұлттық тағам әзірлеп, ел нарығын қамтып отыр. Әріптесім Нұрдәулет Сыздық ұлттық асты өндіріске айналдырған кәсіпорын жұмысымен танысып қайтқан еді, сюжеттен көрейік.
Жетісу облысының түкпір-түкпірінен жиналған сүт мына өндіріс ошағына жеткізіледі. Мұнда күніне 100 тоннаға дейін сүт өңделіп, құрт, ірімшік сынды 50-ден астам тағам түрі әзірленеді. Бұл істі мекемедегі 100-ден астам маман тындырып отыр. Дайын өнім өңір нарығынан бөлек көрші аймақтарға да жөнелтіледі.
Әмина Арынбекова, цех басқарушысы:
Жалпы, өнім күнделікті 100 тоннаға дейін шығады. Осы 100 тоннаны 160 тоннаға дейін көтеру мақсатымыз бар. Оны көтеру үшін жаңа май өндіру цехін, жаңа цехтерді ашу ойда бар. Осылайша жаңа жұмыс орындарын ашуға болады.
Ұлттық тағам өндірісін кеңейтуге «Ауыл аманаты» жобасы қолдау көрсетіп отыр. Биыл өңір кәсіпкерлеріне 2 млрд 300 млн теңге бөлініп, 400-ден астам жобаны қаржыландыру жоспарланған. Бұдан бөлек «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы бойынша 40 адам өтінім қаралып, 10 жеңімпаз анықталады. Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар ауыл кәсіпкерлігін дамытып, ұлттық өнім өндірісіне серпін береді.
Светлана Серікбайқызы, «Атамекен» ҰКП Жетісу облысы бойынша менторы:
Кәсіпкерлік палатадан 156 кәсіпкер шықты. «Бір ауыл бір өнім» бағдарламасынан. Соның ішінен 46 кәсіпкер 180 адамға жұмыс орын беріп жатыр. Біздің эконимикамыз көтеріледі. Экспортқа шығарып, өнімдер жібереміз.
Ұлттық тағамның өндірістік деңгейге көтерілуі жергілікті өнімнің бәсекеге қабілетін арттырады. Кәсіпкерлер енді жаңа нарыққа шығуды көздеп отыр. Ал дәстүрлі тағамдар ауыл экономикасын алға сүйрейтін тауарлар қатарына біртіндеп еніп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы