Басты Жаңалықтар Түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы өтті

Түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы өтті

Түркияның Каппадокия аймағында түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы өтті. ТҮРКСОЙ ұйымының мұрындық болуымен өткізілген халықаралық жиынға бауырлас елдерден барған қылқалам шеберлері бірнеше күн бойы сурет салып, өз туындыларынан көрме ұйымдастырды. Алты елден жиналған суретшілер өзара тәжірибе алмасып, көне тарихтан сыр шертетін картиналар салды.

Түркі әлемінің қылқалам шеберлері Каппадокия аймағының бас қаласы Невшехирдің көрікті жерлерін аралап, тарихы тереңде жатқан өлкенің әсем табиғаты мен көне жәдігерлерін кенеп бетіне түсірді. Әр суретші өңір тарихын өз қолтаңбасымен бейнеледі.

Ерлан Бозжігітов, қазақстандық суретші:

Жалпы суретшілердің бір біріне деген жақсы іс тәжірибесімен бөлісіп, өздерінің техникасын, әр елдің өзінше стилі бар, соларды бір бірімізден өзара тәжірибе алмасып жатырмыз деп ойлаймын.

Беррак Кылыч, түркиялық суретші:

Арамызда тәжірибелі суретшілер бар. Солардан көп нәрсе үйрендік. Ашық аспан астында бірге жұмыс істеу өзара байланысымызды, шабытымызды арттырады.

Түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы бауырлас елдер арасындағы байланысты бекемдеп, өнерпаздардың өзара тәжірибе алмасуы үшін ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Ермұхан Жүнісханұлы, Қазақстан суретшілер одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы:
Түркі дүниесінің суретшілерінің кездесуі атты симпозиум бірнеше жылдан бері әр мемлекеттерде, әр қалада өтуде. Осы жерге жиналған суретшілер бір бірімен тәжірибе алмасып, осы Каппадокияның сұлу табиғатын кенеп бетіне түсіріп оны насихаттауға таратуға үлкен үлестерін қосады.

Хикмет Ерен, «Эко Еуразия» қорының басшысы, шараны ұйымдастырушы:

Өнер – халықтар арасын жалғайтын ең мықты көпір. «Түркі әлемінің бірлігі – тілде, пікірде, істе бір болу» деген Исмаил Гаспыралының сөзін негізге ала отырып, бір апта бойы өнер адамдарының басын қостық. Біздің осы шарамызға қолдау білдірген барлық азаматтарға алғысымды білдіремін.

17 суретшінің осы сапарда салған картиналары Невшехирдегі Қажы Бекташ Вели университетінде көрмеге қойылып, қала тұрғындарына ұсынылды. Көрменің ашылуына аймақтың губернаторы да келіп өз бағасын берді.

Хусейн Көк, Невшехир провинциясының губернаторы:
Түркі әлемі Атлант мұхитынан Қытай қорғанына дейін созылған кең байтақ аумақты алып жатыр. Сондықтан біздің өзара байланысымыз тек экономикалық немесе саяси емес, осындай мәдени қарым-қатынастар арқылы да нығая түсуі тиіс. Осы көрмеге қатысқан барлық суретшілерге өз атымнан және бүкіл Невшехир халқы атынан алғысымды білдіремін.

Әуе шарын ұшырумен әлемге танылған Каппадокия аймағының тарихы тым тереңде жатыр. Бірнеше өркениеттің астанасы болған өңір ерекше көрінісі үшін бүгінде суретшілердің де сүйікті мекеніне айналған. Түркі әлемінің қылқалам шеберлері келесі жиынды тағы да осы Каппадокияда өткізуге уағдаласты.


Бөлісу