Басты Жаңалықтар Педагогтерді аттестаттау тәртібі өзгереді

Педагогтерді аттестаттау тәртібі өзгереді

1 қыркүйектен бастап педагогтердің біліктілігін бағалау тәртібі өзгереді. Енді ұстаздардың кәсіби деңгейі тек тестпен бағаланбайды. Аттестаттау қорытындысы мұғалімнің санатына да әсер етеді: ол сақталуы немесе төмендетілуі мүмкін. Назерке Өтеген жіліктеп айтады.

Назерке Өтеген, тілші:

Педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәсілі оқу жылы бойы жүргізілмейді. Бағалау жүйесі тек қыркүйек пен желтоқсан аралығында пилоттық режимде қолданылады. Мақсат — мұғалімді тек тест нәтижесімен емес, күнделікті жұмысы, сабақ сапасы, оқушының білім деңгейі және нақты жетістіктері бойынша саралау. Пилотқа тест нәтижесінен шекті балл жинай алмаған, сынаққа тіркеліп қатыспаған немесе тіркелмеген, кезекті және мерзімінен бұрын аттестатталатын педагогтер қатысады. Жаңа тәсілде мұғалім туралы кәсіби мәліметтер «Ұстаз» ұлттық платформасында жинақталады. Онда педагогтің білімі, еңбек өтілі, санаты, кәсіби жетістіктері, біліктілікті арттыруы және оқушылардың нәтижелері ескеріледі. Ал эссе, авторлық бағдарлама мен оқу-әдістемелік материалдарды тапсыру міндетті емес.

Енді педагогтердің білімін бағалау нәтижесі аттестаттауда негізгі өлшем болмайды. Мұғалім шекті балл жинамаса да, пилоттық жобаға қатыса алады және қолданыстағы санаты сақталады. Негізгі назар сабақ сапасына, мұғалімнің кәсіби жетістігі мен дамуына аударылады. Оқушы жетістігі де ескеріледі, бірақ ол жалғыз көрсеткіш емес. Егер педагог аттестаттаудан өтпесе, қолданыстағы біліктілік деңгейі сақталуы немесе төмендетілуі мүмкін. Жоғары санатқа мерзімінен бұрын өтпеген жағдайда, бұрынғы деңгейі мерзімі аяқталғанға дейін күшінде қалады. Қайта тапсыру үшін мұғалім кемшіліктерін түзеп, келесі аттестаттау кезеңін күтуі керек. Біліктілік деңгейі мұғалімнің жалақысына да әсер етеді. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында педагог-модераторға 30%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-зерттеушіге 40%, ал педагог-шеберге 50% қосымша ақы төленеді. Ал нақты жалақы оқу жүктемесі, еңбек өтілі және басқа да үстемақыларға байланысты есептеледі.

Бөлісу