Мектеп бағдарламасына бірнеше жаңа пән енгізілді
Университеттердегі оқу мерзімі қысқаруы мүмкін. Жауапты министрдің сөзінше, кейбір мамандықтар үшін 4 жыл оқу тым ұзақ. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап оқушылар жасанды интеллектімен жұмыс істеуді, оны қауіпсіз әрі сауатты қолдануды үйренбек. Мектеп бағдарламасына тағы бірнеше пән енгізіледі.
Биыл мектепке 4,1 миллионға жуық оқушы барады. Соның 380 мыңы алтын ұяның табалдырығын алғаш рет аттамақ. Жаңа оқу жылынан бастап 5–7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарға «Заң және тәртіп», 5–11-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» пәндері енгізіледі. Ал «Құқық негіздері» барлық оқушыға міндетті болады. ЖИ-ді мектеп бағдарламасына енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосылады. Жалпы, пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке масштабталады.
Биыл 47 жаңа мектеп есігін айқара ашады. Оның 20-сы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Сондай-ақ қыркүйекке дейін 106 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Бірақ қазір бірқатар өңірде жұмыс қарқыны баяу. Сондықтан Үкімет басшысы әкімдерді жекелей атап, ескерту жасады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бірқатар өңірде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтемін. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын тікелей бақылауға алуды тапсырамын.
Жалпы тәуелсіздік алғалы елімізде 3200 мектеп салынған екен. Соның мыңнан астамы соңғы 5 жылда бой көтеріпті. Бірақ құрылыс қарқыны халықтың демографиялық өсімі мен урбанизацияны қуып жете алмай келеді. Сондықтан 3 ауысымды білім ошақтары әлі де бар. Мәселен, бір ғана Алматы облысынан былтыр 18700 түлек қанат қаққан. Ал сол өңірде биыл 35 мыңнан аса бүлдіршін 1-сыныпқа бармақ. Келгендердің саны кеткендерден екі есе көп.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
Үш ауысымды мектеп саны 184 болған. Қазіргі таңда ол 48 болады. Биыл біз оның 13-ін жабамыз. Келесі жылы да бізде мектептер салынады.
Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы оқу ұзақтығы қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Жоба алдымен колледждерде пилоттық режимде іске қосылмақ. Министрдің сөзінше, кейбір мамандықтар үшін 4 жыл оқу тым ұзақ.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Шынымен де, ІТ, жасанды интеллект сынды мамандықтарды оқу мазмұны өзгереді. Сондықтан да қазіргі уақытта біз Үкіметке қолданбалы бакалавриат форматында жоғары оқу орындарында оқудың қысқарған формасын ұсындық. Қазіргі уақытта колледждерде пилоттық форматта іске қосамыз. Бакалавриат деңгейі саналады. Бірақ оның мазмұны да, оқу процесі де қысқа. Сондай-ақ биыл Қазақстандағы алғашқы ЖИ университетіне 600 студент қабылданады.
Ал студенттерді жатақханамен қамту мәселесі Алматыда әлі де өзекті. Көп түлектің алып шаһарға алып-ұшып тұратындығынан мегаполисте 5 мыңнан астам шәкіртке орын жетіспейді. Бұл олқылықты жабу үшін жыл соңына дейін Алматыда 18 жаңа жатақхана пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы