Басты Жаңалықтар «Алтын-Емел» ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген жануарлар көбейіп келеді

«Алтын-Емел» ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген жануарлар көбейіп келеді

Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 34 ителгі жіберілді. Мамандар осылайша қызыл кітапқа енген құстардың санын көбейтуге ниетті. Аймақта өте сирек кездесетін 10-нан аса жануар түрі мекендейді. Олардың санын арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Әріптесім Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.

Алтынемел қызыл кітапқа енген 25 түрлі жәндік пен 30 түрлі құстың мекендейтін ортасы. Мұнда ителгі құсын көбейту үшін 34 құстан бөлек тағы 50 ін ұшыру көзделген. Қанаттылар үшін бұл аймақ өте  жайлы, климаты да қолайлы. 

Әсет Әлімбеков, «Алтын-Емел» паркінің аға ғылыми қызметкері:

Жіберілген құстар жұмыртқалап, балапан басса, ұядан ұшып шыққан балапан болашақта көші-қон кезінде, миграция кезінде, басқа жылы аумаққа ауып кетсе де, келер жылы өзінің туған мекеніне ол балапан қайтадан қайтып келеді. Содан қайтадан 2 жылдан кейін жұмыртқалап, қайтадан ителгі құсының санын көбейтетін еді.

Ал құстардың көші-қонын бақылау үшін арнайы GPS-трекерлер орнатылады. Ғалымдар қанаттыларға қолайлы мекендерді анықтайды. Өзге де жануарлардың тіршілігін бақылау үшін  10 фототұзақ орнатылған. Құрылғының көмегімен жануарлардың тіршілігі туралы ақпарат жиналады.

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

Мына жол жабайы жануарларды су айдынына жеткізеді. Дәл осындай аймақтарға арнайы фотоқұрылғылар орнатылады. Мен де бүгін біреуін орнатпақпын. Осы құрылғы арқылы дала аң-құсының тұрмыс-тіршілігі зерттеліп, ғылыми жұмыстар жазылады.

Аймақта қызыл кітапқа енген жануарлардың саны  ұлғайып келеді.  Мәселен қар барысының саны 20-ға жетсе, Қарақұйрықтар 5 500, құландар 3 500-ге жуықтады. Мамандардың сөзінше табиғи парк тек өз аумағындағы жануарларды ғана көбейтіп отырған жоқ, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі популяцияларды қалпына келтіруге де донорлық аумақ ретінде танымал. 

Ғалым Ахметбеков, «Алтын-Емел» паркі директорының орынбасары:

Көбейтіп қана қоймай, реинтродукция мақсатында Іле-Балқаш резерватына 100 бастан аса кетті. Алтындала сол жаққа да екі жақтап бөлініп, жыл сайын әр жаққа жөнелтіліп жатыр. Реинтродукция мақсатында. Олардың да тарихи мекені болғандықтан, сол жақта көбейту мақсатында.

Алтынемел ұлттық табиғи паркіндегі 150-ге жуық маман күндіз түні жабайы жануарларды қорғайды. Олардың жайлылығы үшін су айдындарын тазалап, тұздықтар жасайды. Осылайша жануарларға қолайлы жағдай жасап, олардың популяциясын сақтауға күш салып келеді.


Бөлісу