Ақкерегешың – ақ жартасқа қашалған тарих
Атырау облысына келетін туристер саны артты. Жыл басынан бері өңірге саяхаттағандардың қатары 4 пайызға көбейген. Табиғаты ерекше мекендердің бірі – Жылыой ауданындағы Ақкерегешың үстірті. Аппақ жоталармен ерекшеленетін бұл мекен Атыраудың туристік картасындағы тартымды бағыттардың біріне айналып келеді. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт табиғаттың таңғажайып туындысына куә болып қайтты.
Борлы үстірт. Досының ағы. Ақкегершін. Бүгінге дейін көпшіліктің назары ауған ғажайып мекеннің атауы әр кезеңде әртүрлі аталып келді. Ұзақ зерттеулердің нәтижесінде тарихи атауы жаңғыртылып, Ақкерегешың атауы кеңінен қолданысқа енді.
Әлібек Науаров, Жылыой аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
Көне топографиялық Кеңес үкіметінің картасының өзінде дәл осы жер Ақкерегешың деген атаумен енгізілген. Дронмен бейнетүсірілімін көрген жағдайда бір кереге іспеттес, борлы үстірттердің бір-бірімен байланысуы көрінеді.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Ақ көрпе жамылған тау емес. Бұл миллиондаған жыл бұрынғы, ежелгі Тетис мұхитының табаны. Уақыт пен жел борлы жыныстарды осындай ерекше пішінге келтіріп, табиғаттың қайталанбас туындысын жасаған. Бүгінде Ақкерегешыңның сұлулығын көруге еліміздің түкпір-түкпірінен туристер келіп жатыр.
Рахман Асқарұлы, турист:
Мың рет естігеннен бір рет көрген артық демекші телефонмен көргеннен көзбен көрген бөлек екен. Бөлек сезім.
Әлбина Темірғалиева, турист:
Өзім осы туризм мамандығына оқуға түсейін деп тұрған студентпін. Бр жағынан сенің мамандығың туризм ғой, осындай Кең Жылыойдағы әдемі жерлерді көр деп достарымыз әкеліп жатыр. Қуанамын осындай жерлер барына.
Батыс өңіріндегі көрнекті үш үстірттің бірі саналатын Ақкерегешыңның ені 1,5, ал ұзындығы 8 шақырымға созылып жатыр. Коронавирус індетінен жаппай карантин жарияланған жылы тарихи мекен танымал бола бастады. Мұнда туристер негізінен мамыр- маусым айлары ағылады. Бұрын келушілер қара жолмен жүріп әбігерге түсетін. Қазір тақтайдай тегіс асфальт төселді.
Әлібек Науаров, Жылыой аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
Бір күннің өзінде осы жерде 50-дің үстінде адам жүргенін өзім куә болдым. Сол себептен де енді бұл жердің туристік әлеуеті инфрақұрылымсыз осылай дамып келе жатқанда инфрақұрылымды жандандырса одан әрі дамып кетуі мүмкін.
Мамандар ендігі кезекте демалыс орындары, санитарлық тораптар, ақпараттық тақтайшалар мен бақылау алаңдарын салу қажеттігін айтады. Бұл туристерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, табиғи мұраны сақтауға да мүмкіндік береді. Ал ақ борлы жартастарға жасырынған миллион жылдық тарихы бар көрікті мекен Атырау өңірінің туристік брендіне айналуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы