Басты Жаңалықтар Партиялар өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын бастады

Партиялар өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын бастады

Елімізде тұңғыш өтетін Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. Саяси додаға түсетін 7 партияның кандидаттары өңір-өңірді аралап, сайлауалды бағдарламасын таныстыруға кірісіп кетті.

Павлодарда «Әділет» партиясының трамвайы жолға шықты. 5 бірдей қоғамдық көлікте Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша үгіт насихат жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Астана, Қарағанды, Тараз қаласында партияның 8 мыңнан астам өкілі үгіт-насихат материалдарын ілуге кірісті. Ал Алматыда танымал спортшылар мен мыңнан аса адам таңғы жаттығу жасады. Бұдан бөлек, мобильді керуендері еліміздің түкпір-түкпірін аралау үшін жолға шықты. Саяси ұйым мүшелері Қазақстанның шалғай ауылдарына арнайы барып, ел-жұрттың ұсынысы мен талабын естиді. Сонымен бірге, «Әділет» партиясының сайлауалды кездесулері Түркістан облысында да басталды. Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар педагогтермен, медицина қызметкерлерімен, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанды құру» жолындағы реформаларын толыққанды әрі сапалы жүзеге асыруға жаңа серпін беру. Дәл осы тұста «Әділет» партиясының тарихи жауапкершілігі басталады. Кез келген реформа ел игілігіне айналғанда ғана өзінің шынайы мәніне ие болады. Сол кезде әділдік қағидасы күнделікті өмірде нақты көрініс табатын құндылыққа айналады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы елордада сайлауалды бағдарламасының таныстырылымын өткізді. Басқосуға БАҚ өкілдері, саясаттанушылар мен сарапшылық қауымдастық мамандары қатысты. Жиында саяси ұйымның қолға алған мақсат-міндеттері мен төрт негізгі бағыттағы жұмыстары сараланды. Экономиканы монополиядан арылту, сән-салтанатқа салық енгізу, бюджетті толық цифрландыру, парламентті кәсіби Құрылтайға айналдыру секілді тақырыптар сөз болды. Алаңда арнайы шақыртылған мамандардың ұсыныстары да тыңдалды. Айта кетейік, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының партиялық тізіміне 33 адам енгізілген. Оның ішінде 14 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады.

Мақсұт Насибулов, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының аппарат басшысы:

Кеше сайлауалды науқан басталды. ОСК-ның отырысына қатыстық. Барлық партиялар бастап кетті. Бүгінгі күн біздің партиямыздың сайлау алды бағдарламасы талқылануда. Оған үміткерлер қатысып отыр. Сарапшылар мен заңгерлер қатысып отыр.

«Байтақ» партиясының үгіт-насихат науқанын эко-марафонмен бастады. Іс-шара таңғы сағат 7:00-де Астанадағы Триатлон саябағында өтті. Марафонға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, кандидаттар, белсенділер және экологиялық бастамаларды қолдаушылар болды. Ұйымдастырушылар акцияның таңғы уақытқа жоспарлануының өзіндік сыры бар, дейді. Бұл уақытта қалада көлік қозғалысы аз, демек қоршаған орта мен ауа барынша таза болады. Эко-марафонды партия төрағасы Азаматхан Әміртаев бастап берді. Қатысушылар 2,5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Шара барысы домбыраның сүйемелдеуімен жалғасты. Қатысушылар «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» сынды танымал күйлерді нақышына келтіріп орындады. Партия атынан Құрылтай сайлауына 47 адам ұсынылған. Оның 38 пайыздан астамы жастар, әйелдер мен инклюзивті топқа кіретін азаматтар.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

Бақытты болу үшін бірінші денсаулық керек. Әрбір азамат таңда жүгіріп, спортпен айналысса, оның денсаулығы жақсы болады. Екіншіден, біз осы таңғы жүгіру акциясын өзіміздің ұлттық домбырамен сүйемелдедік.

Қазақстан Халық партиясының республикалық сайлауалды штаб мүшелері мен Құрылтай депутаттығына үміткерлер Павлодардағы шыны бұйымдарын өндіретін кәсіпорында еңбек ұжымымен кездесті. 200-дей адам жұмыс істейтін кәсіпорын өнімі ел өңірлеріне жөнелтіледі. Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Жұмысшылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Оларды қолжетімді баспана, сапалы медициналық қызмет пен еңбек қауіпсіздігі мәселелері қызықтырды. Сайлауға «Қазақстан Халық партиясы» атынан 72 үміткер қатысып жатыр. Оның ішінде 30 кандидат - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл жалпы тізімнің 41,7%-ын құрайды.

Бейбіт Құсайынов, ҚХП төрағасының орынбасары:

Жұмысшылармен кездесіп оларға біздің саяси бағдарламамыздың 19 тарабы бар деп айттық. Ең бастысы біздің еңбекқор азаматтарымыз саяси бағдарламамыздың ортасында тұр деп айттық. Жұмысшылар ой-пікірін білдірді.

«Ауыл» партиясы кезекті сайлауалды үгіт-насихаты науқанында дәрігерлермен кездесті. Іс-шара барысында партия өкілдері денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауылдардағы инфрақұрылымды жақсарту, аймақтардағы мектептердің сапасын арттыру, кадр даярлау, ауыл кәсіркерлігін және ғылымды қолдау жайы көтерілді. Жалпы партия Құрылтай депутаттарының сайлауына 69 кандидат ұсынып отыр. Үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жастағы азаматтар. Олардың арасында 29 кандидат - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жалпы тізімнің 42%-ын құрайды.

Ахметбек Қоңырбаев, «Ауыл» партиясы Алматы қаласы бойынша төрағасы:

«Ауыл» партиясының атынан осы алдағы болатын Құрылтайға 69 үміткер бекітілді. Біздің 28 сьезде бекітілді. Орталық Сайлау комиссиясында бекітіліп, бізге куәліктер берілді. Негізгі ақ халаттарды жандарды жастар екен. «Ауыл» партиясының жеті бағдарламасын түсіндірдік. Олардан сұрақ болды. Сұрақтарына жауап бердік.

«Ақ жол» партиясының өкілдері Қарағанды қаласындағы Еуразиялық Фудс кәсіпорынының қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында «ақжолдықтар» өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы тың идеяларымен бөлісіп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Бұдан бөлек, партиялықтар Алматыдағы бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлер бас қосқан жиында спикерлер елдегі өзгерістерге тоқталды. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Құрылтай сайлауына 63 кандидат түседі. Партиялық тізімдегі 22 кандидат - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олар жалпы тізімнің 34,9 процентін құрайды.

Артур Кинсфатер, «Ақ жол» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

Біз еңбек ұжымына өзіміздің сайлауалды бағдарламада жазылған барлық басымдықты таныстырдық. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Біз мәселені назарда ұстаймыз.

Respublica партиясының сайлауалды штабы Қарағанды облысына барды. Делегация өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен өндіріс ошақтарын аралап, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер және аймақтың жастарымен кездесті. Штаб мүшелерінің Қарағандыдағы кездесуіне 1000-нан астам адам қатысты. Онда партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ауыл шаруашылығы, бизнес және жастар саясатына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Кәсіпкерлер салық, отандық өндірісті қолдау мәселесін көтерсе, жер емген шаруалар тұқым шаруашылығын дамытуға қатысты ойларын жеткізді. Сондай-ақ жастармен өткен кездесуде креативті индустрияны қолдау, жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамыту және бірыңғай цифрлық жастар платформасын құру бастамалары сөз болды. Ал партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров науқанды сайлаушылармен ашық диалогта жүргізетінін атап өтті.

Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:

Қарағанды ол шынайы еңбек адамдарының Отаны десек те болады. Сонау шахтерлардан бастап, шаруаларға дейін осы жерде Қарағандыда кездесеміз. Еңбекпен тірлік жасап жатқан адамдардың қолдауын алу біз үшін өте маңызды. Келесі қала Өскемен, Семей, Павлодар қаласы, бүкіл өңірлі келесі 20 күнде қамтуға тырысамыз.


Бөлісу