Басты Жаңалықтар «Әділет» партиясы Сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті

«Әділет» партиясы Сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті

«Әділет» партиясы Сайлауалды бағдарламасы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті

Ұйымдастырушылық мәселелер қаралғаннан кейін «Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезінің делегаттары Сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын талқылап, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – мазмұны мен басты басымдықтары жаңартылған партияның Сайлауалды бағдарламасын бекіту болды. Құжат сегіз негізгі бағыттан тұрады. Оларды партияның Саяси кеңес мүшелері жан-жақты таныстырды. Бағдат Мусин цифрлық мемлекетті дамытуға арналған бастамаларды ұсынды. Замира Кузиева өңірлерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Ренат Бектұров әділетті экономиканы қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Динара Зәкиева әлеуметтік саясат бағытын ұсынды. Лаура Қарабасова адами капиталды дамыту мәселелеріне тоқталды. Қарлығаш Жаманқұлова мәдениет саласына қатысты бастамаларды таныстырса, Ирина Тен экологиялық күн тәртібіне арналған ұсыныстарын ортаға салды.

Талқылауды қорытындылаған партия Төрағасы Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының Сайлауалды бағдарламасы ауқымды сараптамалық және қоғамдық жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.

«Бүгін бекітілген партияның сайлауалды бағдарламасы кабинетте отырып жазылған жоқ. Оның негізіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың стратегиялық бастамалары, әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы, «Әділет» партиясы өткізген көптеген стратегиялық талқылаудың нәтижесі, сондай-ақ азаматтардың ұсыныс-пікірі мен жетекші сарапшылардың ұсыныстары арқау болды», - деді Айбек Дәдебай.

Оның айтуынша, құжат алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап қана қоймай, бүгінде қоғам үшін ең өзекті мәселелерді шешетін нақты тәсілдерін де көрсетеді.

«Біздің бағдарламаның басты ерекшелігі – оның мемлекеттік аппараттың емес, азаматтардың мүддесіне негізделуінде. Бағдарламаның әрбір бөлімінің өзегінде нақты адам, оның тұрмыс-тіршілігі, мүддесі, үміті мен қажеттілігі тұр», - деді партия Төрағасы.

Сөзін қорытындылаған Айбек Дәдебай Сайлауалды бағдарлама бекітілгеннен кейін партия сайлау науқанына дайындықтың келесі кезеңіне кірісетінін айтты. Ендігі негізгі назар өңірлердегі азаматтармен жұмысқа және бағдарламаның негізгі ережелерін кеңінен түсіндіруге бағытталады.

«Жаңа Конституция Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Енді маңыздысы – сол мүмкіндіктерді қалай пайдалана алатынымыз. Елді өзгертетін – адамдар: олардың идеялары, жауапкершілігі, адал еңбегі және халқына қызмет етуге деген даярлығы. Бүгін біз алдағы сайлауда «Әділет» партиясының атынан түсетін, осы жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын кандидаттар тобын бекіттік. Сіздермен бірге ел игілігі жолында еңбек етуге дайын пікірлес азаматтардың біртұтас командасын жасақтадық. Олар уәде берумен ғана шектелмейді. Кінәліні іздемейді. Өткенмен өмір сүрмейді. Болашақты бірге құрады», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.

Күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Съезд ұсынылған кандидаттарды қолдап, олар алдағы реформалардың ел ішіндегі негізгі жаршылары болады деген сенім білдірді.

«Әділет» партиясы 186 кандидаттан тұратын ең ауқымды партиялық тізімді ұсынды. Оның құрамына ғылым, білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық сала, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам өкілдері енді.
 Құрылтай депутаттығына кандидаттардың тізімі


Бөлісу