Қазақстандықтар Құрылтай сайлауына қатысуға дайын ба?: Әлеметтік сауалнама нәтижесі
«Face-to-face» форматында, яғни бетпе-бет сұхбат түрінде өткен сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8000 тұрғын қатысқан.
Қоғамдық көңіл-күйдің негізгі индикаторларының бірі – азаматтардың еліміздің даму бағытына берген жалпы бағасы. Бұл көрсеткіш халықтың мемлекеттік саясатты қабылдау деңгейін көрсеткен,
Зерттеу нәтижелері халық мемлекеттің саяси бағытын жоғары деңгейде қолдайтынын айқындады. Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқандардың 87,8%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп көрсеткен.
Азаматтық белсенділіктің маңызды индикаторы – халықтың сайлауда дауыс беруге деген ынтасы. Сауалнама жүргізілген кезде Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауы өтетін күн әлі жарияланған жоқ еді. Сондықтан респонденттерге: «Егер алдағы жексенбіде Құрылтай (Парламент) сайлауы өтсе, Сіз дауыс беруге барар ма едіңіз?» деген сұрақ қойылды.Зерттеу нәтижесіне сәйкес, азаматтардың басым бөлігі алдағы Құрылтай сайлауында дауыс беруге дайын. Респонденттердің 75,6%-ы сайлау учаскесіне баруға ниетті екенін айтқан. Оның ішінде 44,2%-ы дауыс беретінін нақты атап көрсетсе, 31,4%-ы дауыс беруі ықтимал екенін жеткізген.
Партияларға деген көзқарасты анықтау үшін респонденттерге: «Егер жақын арадағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өтсе, Сіз қай саяси партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды.
- Сауалнама қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы ең жоғары қолдауға ие болған. Бұл партияға респонденттердің 54,2%-ы дауыс беруге дайын екенін білдірген.
- Екінші орында 7,3% көрсеткішпен «Ауыл» партиясы тұр.
- «Ақ жол» партиясы 4,6% көрсеткішпен үшінші орынға шыққан.
- «Respublica» партиясын қолдау деңгейі 3,4%-ды құраған.
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға сауалнамаға қатысушылардың 2,4%-ы дауыс беруге дайын.
- Қазақстан Халық партиясын респонденттердің 2,1%-ы қолдаған.
- «Байтақ» партиясын сауалнамаға қатысушылардың 1,1%-ы таңдаған.
- «Барлығына қарсымын» нұсқасын респонденттердің 2,3%-ы белгілеген.
Сонымен қатар, сайлауалды үгіт-насихат барысында саяси партиялар үшін тартыс нысанасы жеткілікті екені анықталды – сайлаушылардың едәуір бөлігі өз таңдауын әлі жасаған жоқ. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 22,6%-ы, яғни шамамен әрбір бесінші сайлаушы қай партияға дауыс беретіні жөнінде шешім қабылдамаған.
DATAmetrics компаниясы бұл зерттеу нәтижелерін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі № ОСК-11-07/ЗТ-К-29 хабарламасы негізінде жариялап отыр.