«Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасын, Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін және Саяси кеңестің жаңа құрамын бекітті
Астанада 2026 жылғы 6 шілдеде «Ауыл» партиясының кезектен тыс XXVI Съезі өтіп, онда партияның алдағы саяси кезеңдегі қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданды.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 1 шілдеден бастап күшіне енуі еліміздегі саяси жаңғырулардың кезең-кезеңімен жүзеге асуындағы маңызды белеске айналып, азаматтар мен саяси партиялардың елдің дамуына белсенді қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Осы конституциялық өзгерістер аясында өткен «Ауыл» партиясының кезектен тыс XXVI Съезі қоғамның саяси өміріне азаматтардың қатысуын кеңейтуге және партияның жаңа саяси кезеңдегі басымдықтарын айқындауға бағытталған маңызды алаң болды.
Съезге еліміздің барлық 20 өңірінен 200 адам қатысты. Олар - «Ауыл» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, партияның өңірлік филиалдарының конференцияларында сайланған делегаттар, Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, жастар және шақырылғандар.
Делегаттардың 30,4% - ауыл шаруашылығы саласының өкілдері. Сонымен қатар, делегаттар құрамында білім беру, денсаулық сақтау, заң, бизнес, құрылыс, энергетика және өзге де салалардың өкілдері болды. Делегаттардың орташа жасы – 48 жас. Оның ішінде 73,2%-ы – ер адамдар, 26,8%-ы – әйелдер.
Съезд делегаттары «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін және партияның Саяси кеңесінің жаңа құрамын бірауыздан бекітті.
«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасы 4 негізгі бөлімнен тұрады. Онда ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партия фракциясы атқарған жұмысының қорытындылары, сондай-ақ, өңірлерді дамытудың 7 бағыты, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, экология, дәстүрлі отбасылық құндылықтар қамтылған.
Сайлауалды бағдарламаға еліміздің 20 өңірінің тұрғындарынан түскен идеялар мен ұсыныстар енгізілді. Олар арнайы әзірленген auylym.auyl.kz цифрлық платформасы арқылы жинақталды. Айта кетерлігі, аталған платформаға жалпы саны 75 мыңнан астам ұсыныс пен өтініш келіп түскен.
«Ауыл» партиясының Саяси кеңесінің жаңақұрамына 29 адам енді. Оның ішінде 48,2%-ыауыл шаруашылығы саласының, 13,7%-ы білім беру саласының өкілдері. Сонымен қатар қаржы, экономика, бизнес және басқа да салалардың өкілдері бар.
Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттардың жалпы саны – 69 адам.Оның ішінде 71% ер адам, 29% әйел. Сонымен қатар кандидаттар қатарында мүгедектігі бар 6азамат (8,7%) бар.
Кандидаттардың басым бөлігі (56,5%) 35 пен 55 жас аралығындағы азаматтар. Ал 25 пен 35 жас аралығындағы кандидаттардың үлесі 14,5% құрайды.
Съезд делегаттары алдында сөз сөйлеген «Ауыл» партиясының Төрағасы Қайрат Айтуғанов қабылданған шешімдер партияның алдағы жұмысының берік негізіне айналып, оның басым бағыттарын айқындайтынын атап өтті.
«Бүгін Съезд партияның алдағы қызметін айқындайтын маңызды шешімдер қабылдады. Біз Саяси кеңестің жаңа құрамын бекіттік. Оның мүшелеріне жемісті еңбек етіп, парасатты шешімдер қабылдап, партиямыздың алдында тұрған міндеттерді табысты жүзеге асыруына тілектестік білдіремін. Съездің тағы бір маңызды шешімі – партия атынан Құрылтай депутаттығына ұсынылатын кандидаттар тізімінің бекітілуі. «Ауыл» партиясынан кандидат болу – үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік. Бұл – партия бағдарламасын лайықты таныстыру, халықпен ашық диалог орнату және сайлаушылар сенімін ақтау бағытында жасалған жауапты қадам», – деді Қайрат Айтуғанов.
Съезде қабылданған сайлауалды бағдарлама партияның стратегиялық басымдықтарын айқындап, алдағы сайлау науқанындағы негізгі бағдарламалық құжатқа айналады. Бекітілген кандидаттар тізімі еліміздің әртүрлі өңірлері мен қызмет салаларының өкілдерін біріктіріп, олардың азаматтардың мүддесін қорғауға және партияның бағдарламалық мақсат-міндеттерін іске асыруға дайын екенін көрсетеді.


Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Ұлттық домбыра күні: Астанада «Асыл мұра» концерті өтті
05.07.2026, 20:03
ӘЧ-2026: Футбол матчтарына 5 млн-нан астам адам келген
05.07.2026, 19:48
Астанадағы Ұлттық музейде Мұхтар Әуезовтің тоғызқұмалақ тақтасы бар
05.07.2026, 19:44
Жол апаты неге азаймай тұр?
05.07.2026, 19:42
Алғаш рет әкімшілік істер бойынша жауапқа тартылған азаматтарға рақымшылық жасалады
05.07.2026, 19:40
Құрылтай сайлауына партиялар кандидаттар тізімін бекіте бастады
05.07.2026, 19:32
Қос палаталы Парламент: 3,5 мыңға жуық заң қабылданды
05.07.2026, 19:31
«Ақ жол» партиясы Құрылтай депутаттығына үміткерлердің тізімін жариялады
05.07.2026, 13:30