Басты Жаңалықтар Балабақшада видео түсіру тәрбиешілерге артық жүктеме емес пе?

Балабақшада видео түсіру тәрбиешілерге артық жүктеме емес пе?

Парламент Мәжілісінің депутаты А. Аймағамбетов балабақшада Reels түсіру мәселесін көтерді. Сауалнама барысында балабақша тәрбиешілері «таңнан кешке дейін Reels түсіреміз» деп шағымданған. Депутаттың сөзінше, видео түсіруге және оны жариялауға көп уақыт кетеді, алайда бұған ақы төленбейді. Бұл мәселенің бір жағы. Мәселенің екінші жағы бар: балалардың құқы бұзылып жатыр. Екі қыры да маңызды. Ал бала құқығына байланысты жағы өте-мөте маңызды.

Балабақшалардың баланың фото/видеосын ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерде жариялауға құқы жоқ. Әңгіме осыдан басталуы керек. Әлеуметтанушы Әйгерім Құсайынқызы «Sharenting» деген ұғым пайда болғанын айтып, былай түсіндіреді: ата-ана өзінің әлеуметтік желідегі парағында баламен серуендеп жүргенін, киім алып, тамақ ішіп жатқанын түсіріп көрсететіндіктен, балабақшалар «ата-анасы жариялап жатыр ғой, баланың түрін біз көрсетсек, не болады екен?» деп ойлауы мүмкін.

Мұндай цифрлық және құқықтық сауатсыздық кей жағдайда баланың видеосын заңсыз қолдануға алып келеді. Оны ойы бұзықтар пайдалануы мүмкін ғой...

Онсыз да буллинг, кибербуллинг қарқыны жаман. Жарияланған видео кейін есейгенде дискомфортқа түсірсе ше? Томпақ бала өскесін «бейнемді неге тараттыңыз?» десе, не дейсіз? Ата-аналардың өздерінің баласын оңды-солды түсіріп жариялайтыны, жариялайтынымыз бөлек әңгіме...

Қозы Көрпеш Жасарал,  тілші:

Иә, баланың тәтті қылығы барлығына қызық. Сондай сәттерді тәрбиешілер таспаға тартып алуға тырысады. Бірақ бұл үрдіс кейінге кезде кең етек алды. Жекелеген ұйымдар баланы дамытудан бұрын әлеуметтік желімен жұмысты күшейткен. Тәрибешілердің қолынан смартфон түспейді. Дәл осы тұста заңды сұрақ туады. Баланың беті бизнеске айналып бар ма?

Айгерім Құсайынқызы, заңгер:

Біздегі көп деген ата-аналар балабақшаның әлеуметтік желісі қалай жүргізіледі, инстаграмда неше жазылманы бар, камера бар ма, ас мәзірі қалай, осыған қарайды.

Сондықтан бала жанының бағбандары блогерге айналып барады. Мұны тәрбиешілер құштарлықпен де, мұқтаждықпен де жасайды. Бірі шығармашылық жұмыс деп жұмсартып айтса, екіншісі, басшылықтың тапсырмасы дейді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Тәрбиешілер бүгін блогер ретінде Reels жариялауға кірісіп кетті. «Біз Reels түсіріп кеттік таң атқаннан кешке дейін» деп тәрбиешілердің өз қолымен жазған жауабы осы болды. Яғни, бұл шын мәнінде үлкен проблеманың барын көрсетеді.

Жуырда Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті мектепке дейінгі 700 дей ұйымда сауалнама жүргізген. Сонда тәрбиешілер жалақының аздығын ғана емес, желіге фото-видео жүктеу сияқты қосымша жұмыстың көбейгенін айтқан. Әрине, олар мұның бәрін ел алдында жария еткісі келмейді. Себебі түсінікті де.

Тамара Орынбасар, Балабақша құрылтайшысы:

Қазіргі таңда сондай шағым айтып жатқан тәрбиешілер көп. «Біз сабақ оқытамыз ба, әлде виде түсіреміз бе?» деген сияқты. Reels түсіру, видеоға түсіру тәрбиешінің құзіретіне кірмейді.

Жалпы, бұл секторда бәсекелестік бар. Қазір елде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Соның 7 мыңға жуығы – жекеменшік. Бірақ, бізді балабақша санынан бұрын, бөбекжайдан қандай баланың қанат қаққаны алаңдатады.

Айгерім Құсайынқызы, заңгер:

Есіңізде болса, Митхун Чакрабортидің биін билеп, тик-токта 5 млн қаралым жинаған балабақша қысқа уақыттың ішінде өте көп ата-аналардан сұраныс алған екен. Бірақ, баланың биі ол балабақшадағы тәрбиешілердің сапасының көрсеткіші емес қой.

Ақсұлу Саңғали, PR маманы:

Баланың контенті бизнестің құралына айналмауы керек. Бұл ретте бас инструменттерді пайдалану керек. Бүгінгі таңда балабақшалар бұндай талаптарды ескермей отыр.

Бұдан цифрлық дәуірдегі қауіпсіздік мәселесі шығады. Иә, балабақшалар ата-ананың келісімімен фото-видеоны желіге жүктейді. Ата-аналар да сондай. Баламен қайда барғанын, кіммен жүргенін, тағысын тағы дегендей. Бірақ бұл балаға қатысты деректерді ашық бөлісу.  Яғни, шэрентинг.   

Эльдос Сайлауханов, ақпараттық және киберқауіпсіздік сарапшысы:

Аттарын айтпай-ақ қояйын компаниялардың. Біздің мәліметтер қазақстандықтардың да мәліметтері сатылады. 1 мың доллардан бастап, 15 мың долларға дейін өсе береді бағалары. Картаның мәліметтері, ИИН, мекен-жайы интернетте цифрлық із болып қалып, хакерлер интернетте сатады.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Әзірге баланың суретін интернетке жүктеудің қауіпсіз жолы жоқ. Дегенмен мамандар балабақша мен мектептің атауын, орналасқан жерін мейлінше көрсетпеуге кеңес береді. Сондай-ақ жарияланған фото-видеоны кімнің көретінін үнемі бақылауда ұстаған жөн. Ал мұндай кеңеске ата-аналар қаншалықты құлақ асып жатыр?

Сарапшылар қазіргі ата-аналар – әлеуметтік желі дәуірінде бала тәрбиелеп отырған алғашқы буын екенін айтады. Мұндай мәселемен бірінші рет бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан бұл жолда олардың жаңылуы заңдылық. Бірақ кейінгі кезде кибербуллинг күшейгенін ескерсек, қателесуге хақымыз жоқ.  

Айгерім Құсайынқызы, заңгер:

Балалардың ашық-жарқын күлкісіне кез келген адам жымияды. Бірақ біз түсінуіміз керек, бала көңіл көтеретін объект емес. Демек ол баланың құқығы бар, шекарасы бар!Сіздің балаңыз 6 айлық кезінде өте күлкілі видеосын жүктедіңіз. 6 жасқа келгенде балаңыз айтты. «Мен мына видео үшін ұяламын, өшіріп тасташы» деді. Ата-ана не істеу керек?

Заңгердің айтуынша, көп жағдайда баланың пікірі ескеріле бермейді. Мәселен, кезінде елге күлкі сыйлаған бейнежазба, есейген шақта баланың алдынан шықса, оны жұрт мазақ етсе, бұған кім жауапты? Сондықтан миллион қаралымнан бұрын, баланың келешегіне алаңдаған абзал. Сарапашылар пікірі осыған саяды.

Ақсұлу Саңғали, PR маманы:

18 жасқа дейін сол баланың видеоның таратылуы деген дүниенің барлығы ата-ананың жауапкершілігінде. Сіз сол баланың болашақта сол видеосы үшін ұялмай отыруына жауапты сізсіз.

Эльдос Сайлауханов, ақпараттық және киберқауіпсіздік сарапшысы:

Цифрлық қауіпсіздік тек қана антивирус емес немесе пароль емес. Бұл толықтай цифрлық гигиена болып есептеледі. Баланың цифрлық ізі оның рұқсатынсыз қалыптаспауы керек.

Рас, қауіпсіз орта құру жайы жиі айтылады. Бірақ, Бас прокуратура дерегіне сүйнсек, былтыр балабақшаларда 63 қылмыс тіркелген. 2024 жылы 59 іс анықталған. Бұл қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды сигнал.

Қозы Көрпеш Жасарал,  тілші:

Ал цифрлық кеңістіктегі бір сәттік салғырттықтың салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Бүгін мақтанышпен жариялаған балаңыздың фото-видеосы ертең бөтеннің қолында сізге қарсы бағытталған құралға айналмасына кім кепіл? Өйткені интернет ұмытпайды, ал ондағы ақпараттың қайда таралатынын бақылау оңай емес.

 

 


Бөлісу