Зейнетақы жинағындағы ақшаны ерте алудың жолы қандай?
Зейнетақы қорындағы тұрғын үй сатып алғанда немесе емделуге жаратуға болатын шектің өсуі. Біз өткенде материал жасағанбыз. Қысқа қайырғанда, жаңа есептеу әдістемесіне сәйкес, шек салымшының жасына байланысты бірден 79%-ға және одан да көп пайызға өсті. Зейнеталды жастағы адамдар үшін бұл меже кейбір санаттар бойынша тіпті екі еседен аса көтерілді.
Жаңа 50+ жастағылар үшін шекті мөлшердің қанша екенін айтпадық, ал ол 18 млн теңге. Демек, үстіндегі ақшаны пайдалану мүмкіндігі басым көпшілікке нөл. Негізі зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін түрлі сақтандыру қорына салып, аз да болса пайда көру варианттары бар. Бірден айтатыны: ешкімді ешнәрсеге үгіттемейміз. Сөз инвестициялық кірісі көбірек басқа қорға салу мүмкіндігі жайлы.
Елдос Есенбол, тілші:
Зейнетақы жинағындағы шекті мөлшерді күрт өсіргеннен кейін азаматтардың «артық ақшаны керегіме жаратсам» деген үміті де шорт үзілген сияқты.
Балжан Жанғасинова, салық
кеңесшісі
Оны толтыра алатындай қарапайым халық аз. Қарапайым халықты, бізді мазалайтын мәселе мені 60-та, 65-те не болатыны мазаламайды. 40 жасында, 50 жасында, 35 жасында халықты не мазалайды? Қазір халық ақшаны алғысы келеді. Менің мысалы 20 жылдық үздіксіз стажым бар. Менің жасымда 12 миллион порог болуы керек менде 6 миллион. Мен жете алмаймын.
Елдос Есенбол, тілші:
Сондықтан енді «зейнетақы қорындағы жинағым арқылы қалай табыс табамын» деген сұрақ туа бастады. Соған тоқталсақ... Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беруге болады. Ол қалай? Негізі жинақ екі бөліктен құралады: біріншісі өзіңіз аударған жарна, екіншісі инвестициялық табыс. Мысалы, сіздің шотыңызда 7 миллион теңге жатыр. Бұл ақша жай ғана сейфте жатқан жоқ. Зейнетақы қоры оны Ұлттық банк арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарға және сенімді облигацияларға инвестиция ретінде салады. Ал егер шотыңыздағы ақшаны сенімгерлік басқаруға берсеңіз сіздің ақшаңызды Ұлттық банк емес жеке компаниялар басқарады.
Айбар Олжай, экономикалық
шолушы:
Өзіңнің жинақтарыңды басқарушы компанияға беру ол сол жинақтаушы жүйенің ішінде қала береді. Тек қана сіз өзіңіздің жинақтарыңызды бірыңғай зейнетақы қоры емес басқа жекеменшік қорға ауыстырасыз. Өз жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру енді-енді қызып келе жатыр. Шыныменде біздің жинақ портфелінің 0,35 пайызы ғана соларда. Қалғанының бәрі жинақтаушы зейнетақы қорында.
Елдос Есенбол, тілші:
Екеуінің айырмашылығы неде? Ұлттық банк өте сақ саясат ұстанады. Оның негізгі мақсаты ақшаны сақтау. Ал жеке басқарушылар көбірек табыс табуға тырысады.Акцияларға, шетелдік активтерге көп қаржы салады. Кейде тіпті бір емес, бірден жүздеген компанияның акциясын сатып алады. Соңғы бір жылда Ұлттық банктің инвестиция кірісі 8-10 пайыз шамасында болса жеке компаниялар арасында 10- 18 пайызға дейін пайда тапқандары бар. Мысалы жаңағы 7 миллион теңгеңіз Ұлттық банктің басқаруында болса 700 мың теңге инвестициялық кіріс түсіреді. Ал жеке компанияға міндетті жарнаның 50 пайызын беруге болады. Демек жаңағы 7 миллионның 3,5 миллионын жеке компания басқарды делік. Ең жоғарысы 18 пайызды алсақ, 630 мың теңге пайда түсіреді. Бұл салымыңыздың жартысынан түсетін пайда.Ақшаңыз шотта сақталады. Оны зейнет жасына жеткенде ғана ала аласыз. Тек көбірек ақшамен зейнетке шығу мүмкіндігіңіз бар. Бірақ бұл болжалды есеп қана. Әрі инфляция деңгейін ескеру керек. Ең бастысы жинақтағы ақшаңызды жеке компанияға берудің тәуекелі жоғары. Егер нарық құлдыраса, табыс та азаяды.
Айбар Олжай, экономикалық
шолушы:
Егер барлығы бірдей табыстылық көрсетіп тұрса оны ауыстырып не керегі бар деген инертті ойын білдіреді. Белгілі бір жекеменшік сенімгерлік қор өте жақсы табыстылық көрсетіп табыстылығы 2 есе өсіп кетсе менің ойымша өзінің активтерін соған бергісі келетін адамдар бірден көбейеді деп ойлаймын.
Ербол Төлегенов, экономист:
Егер сіздің қаржы сауаттылығыңыз жоғары болса әрине тәуекелге барып жоғарырақ табыс табу мүмкіндігін көздеген дұрыс. Бірақ оған уақыт бөлу керек, оған талдау жасау керек. Егер сонымен айналысу керек.Егер ондай уақыт немесе біліміңіз жеткіліксіз болса онда үкіметке жүгінген БЖЗҚ-да қалдырған дұрыс.
Елдос Есенбол, тілші:
Аннуитет деген зейнетақы жинағын өмір бойғы табысқа айырбастау механизмі. Сіз жинақтағы ақшаңызды толықтай сақтандыру компаниясына аударасыз. Арада келісім-шарт болады. Жинақ көлеміне қарай ай сайын белгілі бір сомманы сізге беріп отырады. Бұл әр адамда әртүрлі. Өйткені төлем көлемі жинақ сомасына, жасына, жынысына және сақтандыру компаниясының есебіне байланысты. Заң бойынша ең төменгі төлем күнкөріс деңгейінің кемінде 70 пайызы болуы керек. 2026 жылғы есеппен бұл 35 596 теңге.
Айбар Олжай, экономикалық
шолушы:
Аннуитет зейнетақы жасын күтпей зейнетін ала бергісі келетін жеткілікті дәрежеде қаржыны жинап қойған осындай адамдарға бір жақсы құралдың бір түрі. Ол сіздің ақшаңызды алды ғой? Енді ол ақшаны белгілі бір құралдарға салады. Облигацияға болсын инвестициялық құралға салады. Ол сол ақшаны алып содан инвестиция тауып оның белгілі бір пайдасын сізбен бөліседі. Олар ол ақшаны өзінде ұстайды.
Елдос Есенбол, тілші:
Қазір ер адамдар аннуитетті 55 жастан, әйелдер 53 жастан рәсімдей алады. Ол үшін ер адамның зейнетақы шотында 10 миллион, әйел адамның шотында 13 миллион теңге болуы керек. Ал қауіпті немесе зиянды өндірісте жұмыс істеп, міндетті кәсіптік жарнасы кемінде 5 жыл төленген азаматтар үшін бұл мүмкіндік 50 жастан беріледі. Және бір маңызды тұсы - 45 жаста кейінге қалдырылған аннуитет сатып алуға болады. Яғни адам бүгін шарт жасайды, ал төлемдерді 55 жасқа толғанда ала бастайды.
Айман Мухтыбаева, «Freedom
life» басқарма төрағасының орынбасары:
Қазір 45 жастағы ер азамат зейнетақы аннуитетін алу үшін келісім-шарт жасағысы келсе оның жинағында 9 миллион теңге болуы керек. Егер 45 жастағы әйел адам болса 11 миллион теңгесі болуы керек. Аннуитет рәсімдегеннен кейін әйел адамдар 53 жастан, ер адамдар 55 жастан бастап ай сайын төлем алып бастайды. Бірақ 2028 жылдан бастап әйелдердің төлем алу жасы да ұлғаяды. 2031 жылы әйелдер де 55 жастан бастап қана ақша ала алады.
Елдос Есенбол, тілші:
Бірлескен аннуитет деген де бар. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінің жинағы жетпей тұрса, екіншісінің жинағымен біріктіріп, аннуитет рәсімдей алады. Аннуитет келісім-шартында көбіне кепілдендірілген кезең болады. Мысалы, адам 55 жасында аннуитет рәсімдеп, келісімде кепіл көлемі 15 жыл деп көрсетеді. Егер ол 5 жылдан кейін қайтыс болса, қалған 10 жылдағы төлемдер шартта көрсетілген мұрагеріне беріледі. Егер адам ұзақ өмір сүріп, ол мерзімнен асып кетсе, төлем өмір бойы жалғаса береді. Қайтыс болғаннан кейін тоқтатылады. Ерлі-зайыптылар бірлескен аннуитет рәсімдеп біреуі қайтыс болса, төлем жұбайына беріледі.
Айман Мухтыбаева, «Freedom
life» басқарма төрағасының орынбасары
Ұлттық банктің ресми ақпаратына сүйенсек 2026 жылдың алғашқы 4 айында сақтандыру компанияларына 213 миллиард теңге аударылған. Мысалы 2025 жылдың алғашқы 4 айында аударылған сомма бұдан 72 пайызға аз болған. Шамамен 23 мың жаңа клиент келген. Біздің компанияның бұндағы үлесі шамамен 19 пайыз. Қазір біздің жалпы 25 мың адаммен келісім-шартымыз бар.
Күні кеше зейнетақы жинағының шекті мөлшерін көтергеннен кейін ондағы артылған ақшаны пайдалана алатындар саны 500 мың адамнан 30 мыңға дейін азайған. Осыны ескерсек аннуитет алғысы келетін азаматтар саны одан да арта түсетін сияқты дейді біз тілдескен сарапшылар...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы