«Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы бекітілді
Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға арналған жаңа маңызды құжат қабылданды. Президент 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекітті. Бұл бастама арқылы билік заманауи технологияларды кеңінен қолданып, мемлекеттік қызметтердің жұмысын жеңілдетуді көздеп отыр.
Қазір Қазақстан электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарында. Ал жаңа стратегия осы жетістіктерді бір жүйеге біріктіріп, жасанды интеллектіні экономиканың негізгі салаларына енгізуді көздейді. Құжат үш басым бағыттан тұрады. Біріншісі – әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы азаматтарға көрсетілетін бірқатар қызметті жетілдіру. Тұрғындардың анықтама жинап, түрлі мекемеге жүгіну қажеттілігі азаяды.
Бахтияр Мұхамедқалиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
Екінші бағыт – экономиканы цифрлық трансформациялау. Стратегия мұнай-газ, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік және қаржы секторларын қамтиды. Жасанды интеллект өндірістегі, логистикадағы және ресурстарды басқарудағы тиімсіз тұстарды анықтап, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Стратегияның басты мақсаты – Қазақстанның жаһандық экономикалық өзгерістерден тыс қалмауын қамтамасыз ету.
Ал үшінші бағыт мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға арналған. Жасанды зият қайталанатын әкімшілік жұмыстарды автоматтандырып, жұмыс процесін жеделдетеді, дейді мамандар. Сондай-ақ білім беру саласында оқушылардың қабілетін ерте анықтап, олардың жеке оқу бағытын қалыптастыратын жасанды интеллект құралдары енгізіледі.
Ұлжан Оспанова, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы жанындағы жобаларды бақылау және басқару орталығының аға директоры:
Бұрын іске асқан «ISANA» бағдарламасы аясында шамамен бір миллион адам базалық цифрлық дағдыларды меңгерді. Енді бұл жоба кеңейтіліп, тек студенттер мен оқытушыларды ғана емес, барлық азаматты қамтитын ұлттық бағдарламаға айналады. Оған мектеп оқушылары да, мектепке дейінгі балалар да, жоғары білімін аяқтаған ересектер де қатыса алады.
Құжатта киберқауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Ақылды қала стандарттарын кеңейту, маңызды ақпараттық жүйелерді қорғау және онлайн алаяқтыққа қарсы ұлттық қорғаныс тетіктерін дамыту көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы