Құлаған қасбет, опырылған қабырға, сынған терезе: Құрылыс сапасына кім жауапты?
Иә, бизнеске кедергі келтірмеу керек. Тексерістен тексеріс болса, коррупциялық айла-амал артса, несі жақсы?!
Бірақ бізде «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» болып тұр. Құрылыс компаниялары техникалық қадағалауды өздеріне өздері жасап жүр. Өздері тұрғызып, өздері қабылдап алады. Мемлекеттік органдар кіре алмайды, кіргізбейді. Демек, кедергі жоқ. Алайда өркениетті нарықты жақтайтын озық ойлы кәсіпкерлер салып жүрген үйлердің сапасына шағым көбейіп барады.
Өткенде де айттық: түрлі санатқа жатқызып салады, шын мәнінде, айырмасы шамалы және норманы сақтамайтындары сонша, көзге көрініп тұрады. Естеріңізде болар, Астанада үйдің қасбеті опырылып, үйінді астында адамдарға көмекке барған фельдшер келіншек қаза тапты...
Құрылыс сапасын тексеретін компанияларға жақтауы жақтау емес терезеге шағым күнде түседі екен. 15-20 терезеге дейін ауыстыруға нұсқаған акт күнде толтырылады.
Үйдің қабырғасындағы жарықтардан желдің уілін еститіндей тарихи нысан емес қой – тарихи мұраның өзін реконструкцияламаса, мүжіліп, дымы қалмайды.
«Баспанам болса болды» дейтін шүкіршілікке арқа сүйейтін құрылыс компанияларының айылын қолданысқа енетін Құрылыс кодексі жиғыза ма?
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Қаланың қақ ортасында тұрған мына үйдің қасбеті қаңбақша ұшып жатыр. Әкімдік көзге күйік болмасын деп әр жерін бояп қойған. Тек қасбеті ғана емес, қабырғасын қараңыз. Дірілдеп тұр. Шашылған газоблоктарын былай жинап қойған.
Бұл – атышулы «Гранд Астана Элит» тұрғын үй
кешені. Салынғанына 10 шақты жылдан асса да, тұрғындар салғырттықтың салдарын
әлі көріп келеді. Аулаға өрт сөндіру көлігі кідіріссіз кіре алмайды. Пандус та
қарастырылмаған. Жеделсатылардың сапасы сын көтермейді.
Аман Тілеубаев, «Гранд Астана Элит» тұрғын үй
кешені мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
Бір жарым жылдан кейін лифтілер құлай бастады. Біздің бала-шағаларымыз лифтіге кірмей жаяу жүрді, үлкен кісілер де кіре алмады. Содан «Өркен-қала» арқылы 15 жылға кредитке алуға мәжбүр болдық. Әр пәтер 7-8 мыңнан төлеп тұрады 15 жыл бойы.
Әуелі бизнес-класс деп сатылған үйдің сыйқы осы.
Санатқа сай келмейтіні онсыз да көрініп тұр. Мұндағы 400 пәтерге кемі 400
автотұрақ қарастырылуы тиіс еді. Бірақ үй астында 84 орын ғана бар. Жерасты
паркингі жаңбыр жауса суға толады. Мәселе мұнымен де бітпейді.
Аман Тілеубаев, «Гранд Астана Элит» тұрғын үй
кешені мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
Ең алғашқы жобаны іздеп қарасаң, мына жерде өтетін жол, ар жағына қарай сыртқа шығатын жол, баспалдақ арқылы сыртқа шығатындай жол болған. Бұл - өрт қауіпсіздігі. Аталған орынды жауып, үй-жай ретінде рәсімдеп, кейін жекешелендіріп, сатып жіберген.
Қабырғада
жасырылған қоқыстың фотосы
Мұрагер
Сейілбеков, «Іeveleven» ЖШС инженері:
Мұны біз бұздық. Бұзғаннан кейін ішін ашып қарасақ, қоқыстар салып кеткен ішіне. Мына қоқысты алсақ, көрініс далаға шығады.
Бұл шаршы метрі
900 мың тұратын бизнес санаттағы үйдің жайы. Құрылысшылар қалдықтарды тастауға
ерінсе керек, қабырғаға тығып кеткен. Сынған терезе, жарылған, қисық
қабырғалар, жылу оқшаулағыштың нашарлығы, электр желісіндегі ақаулар, шатырдағы
қуыс-тесіктер. Тұрғын үйлердің сапасын тексеріп, пәтер таңдауға
көмектесетін Мұрагер Сейілбеков 100 үйдің 70-де осындай дефект үнемі кездеседі
деп отыр.
Мұрагер
Сейілбеков, «Іeveleven» ЖШС инженері:
Газоблок желімінің сапасы төмен болғандықтан, сол жерде барлық төменнен жоғарыға қарай газоблокты қолмен алып, жерге жинадық. Бұл қабырға далаға шығып тұрған, яғни фасадтық қабырға болғандықтан, өте қауіпті.
Раушан
Сайлауқызы, тілші:
Қауіпті апаттың бірі Қарағандыда болған еді. 2012 жылы «Бесоба» тұрғын үй кешені тұтас опырылып түсті. 2015 жылы Қызылордада бес қабатты үй жермен-жексен болды. Жарты жыл бұрын Астанада ғимараттың қасбеті құлап, фельдшер Ұлдана Мырзуан мерт болған еді. Ал елімізде құрылыстың қарқыны өте қатты. Соңғы үш жылдың өзінде 46,5 млн шаршы метр үй салынған. Бір жыл, тіпті жарты жылдың өзінде бір тұрғын үй бой көтереді. Бірақ олардың сапасын кім қадағалап жатыр? Қадағалап үлгере ме, өзі? Сөз басында келтірген апатты жағдайлардың қайталанбауына кім кепілдік береді?
2016 жылдан
бері заң бойынша құрылысты мемлекет қадағаламайды. Тіпті Төтенше жағдай
министрлігі де бұл тізімнен алынып тасталған.
Мұрат Әбенов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бәсекелестік болған кезде бизнес өз сапасын өзі реттейді деді. Өкінішке қарай, қазір қандай жағдайға келдік: үйлердің сапасы өте қатты нашарлап кетті.
Ал Құрылысшылар
одағы бұл пікірмен келіспейді.
Виктор
Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:
Құрылыс компаниялары 16-дан көп құжатқа қол қойғызуға мәжбүр болды. Сондықтан бұл жүйені жеңілдету үшін мемлекет бақылауы алынып тасталған еді. Содан бері құрылыс сапасы жақсармаса, жаман болған жоқ. Ал өрт қауіпсіздігі сақталмаған, қасбеті ұшып жатқан үйлер 2016 жылға дейін салынған.
Яғни, 2016
жылдан бері құрылысты бастан-аяқ бақылау ісін тек техникалық қадағалау қызметі
жүргізіп келді. Оларды құрылыс компаниясының өзі жалдайды.
Мұрат Әбенов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Технадзорды өздері жалдап алған ғой. Мысалы, ірі компаниялар жеке технадзорды өзі тіркейді де, өзін-өзі тексереді, өзіне-өзі сызба жасайды, өзі экспертиза жасайды. Сондай деңгейге жеттік. Мысалы, мынадай жағдайлар болды: бір адам, технадзор, бір күнде он шақты жаңа жобаға қол қояды.
Мұны В.
Микрюков жоққа шығара алмады.
Виктор
Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:
Мысалы, техникалық бақылау қызметі Алматыда, ал жетекшілік ететін құрылысы Атырауда болған жағдайлар бар. Сонда қалай бақыланатынын болжай беріңіз. Тағы бір мәселе – кей құрылыс компаниялары төмен баға ұсынатын, біліктілігі жоқ техникалық бақылау компанияларын жалдай салады.
Ал «Астана
технадзор» компаниясының маманы Мұхит Байкеннің айтуынша, елде мұндай мекеменің
саны 3 жарым мыңнан асады. Кейбірі ақша үшін осындай компания құрып алады.
Мұхит Байкен,
«Астана технадзор» ЖШС техникалық бақылау қызметкері:
Олар тендер болып жатқан кезде көрініп қалады. Өйткені олар тек ұтып алсам деп ойлайды. Содан кейін көрінеді қандай адамдар екені. Кейбіреуінде болады, жас балалар келеді. Құрылыста болмаған, тек қана институт бітірген.
Тәжірибелі
маманның айтуынша, техникалық қадағалаушы ғимаратты бастан-аяқ бақылауынан
шығармауы тиіс. Кем-кетігі болса, күнделікті хаттама толтырады. Түзетпесе,
құрылысты жалғастыруға рұқсат бермейді.
Мұхит Байкен,
«Астана технадзор» ЖШС техникалық бақылау қызметкері:
Көбі ақша үнемдеймін деп арзанға ұрынады. 05:32 Пластикалық есіктер, әйнектер, сыртқы трубалар арзан іздейді де, сапасы кем болғандықтан ауыстырып жатады. 05:59 Су ағып кетеді, проводтары үзіліп жатады. Шамдары жанбай қалады, есіктер қирап жатады. Содан қайтадан ауыстыруға тура келеді.
Ерболат
Жакупов, «Астана технадзор» ЖШС техникалық бақылау қызметкері:
Тағы бір жиі кездесетін мәселе – құрылыс жобасы бөлек, ал шын мәнінде басқаша объект салатындар көп және мердігер компаниялар біліктілігі жоғары жұмыскерлер құрамын жасақтамайды.
Диляра
Сейітнұрова, құрылыс саласының сарапшысы:
Біздің салада, өкінішке орай, жас балалар, жас адамдар біздің салаға келгісі келмейді. Өйткені жұмыс ауыр, инженер болуы оңай емес: ол далада жүреді, мысалы, нысандарды қысы, жазы тексеру керек.
Виктор
Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:
Құрылыс саласына қатысты әрбір мердігер компанияны оқытудан өткізу керек. Мысалы, кейбір бригада кірпішті үсті-үстіне емес, шахмат нұсқада жинау керектігін де түсінбейді.
Осындай
қордаланған проблемалар реттелмейінше, мәселенің түбегейлі шешілмейтіні анық.
Ал бір айдан соң күшіне енетін Құрылыс кодексінде бұлар қамтылды ма?
Мұрат Әбенов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз енді ең бірінші не істедік? Құрылыс кодексінде бүкіл мемлекеттік бақылауды орнына қайтардық. Екіншіден, бұл жерде біз гарантияны 2 жылдан 10 жылға дейін көтердік. Бұл да көптің талабы. Қалай енді миллиондаған ақшаға үй сатып алады, бірақ үйлері кірмей жатып құлап жатыр.
Ерлан Құлышев,
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі департамент директорының орынбасары:
Енді Төтенше жағдай министрлігі өрт қауіпсіздігін, ал Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы техникалық бақылау ұйымының қорытындысын саралап, құрылыс сапасын тексереді.
Раушан
Сайлауқызы, тілші:
Енді мемлекет құрылыс нысандарына жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Оларға лицензия алу да оңай болмайтын секілді. Әуелі материалдық-техникалық базасы мен мамандардың біліктілігі тексеріледі. Құрылыс материалдарына қойылатын талаптар да жаңартылады. Мысалы, сейсмикалық аймақ болса, ғимарат жоғары сападағы материалмен салынуы тиіс. Құрылыс нысандарының бірыңғай цифрлық базасы құрылса, біраз мәселе шешіледі-мыс. Осылайша қағазға қатталған заң нормалары әзірге құлаққа жағымды естіледі. Бірақ әлгі сапасыз салынған ғимараттар секілді сырты жылтырап, іші қалтырап тұрмаса болғаны.
Автор
Раушан Сайлауқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Қазақстандағы ішкі туризм: Инфрақұрылым сұранысқа сай ма?
07.06.2026, 20:11
Жастардың тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдауының себептері қандай?
07.06.2026, 20:08
СҚО-да 100-ден астам тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр
07.06.2026, 20:04
Alatau City: Жаңа қалаға не үшін арнайы мәртебе берілді?
07.06.2026, 20:00
Құрылтай депутаттары 5 жылға сайланады
07.06.2026, 19:53
Балғын балуандар бәсекесі
06.06.2026, 20:06
ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті
06.06.2026, 20:06
Ауа тазалығы жіті бақылауда
06.06.2026, 20:05