Президент 5 конституциялық заңға қол қойды
Мемлекет басшысы елдің басқару құрылымын жүйелейтін 5 конституциялық заңға қол қойды. Құжаттар биыл 15 наурызда қабылданған жаңа Ата заң ережелерін іске асыруға арналған. Ең бастысы билік тармақтарының өкілеттігі қайта нақтыланып, қоғамның мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі кеңейеді. Жаңа заңдардың қандай тиімділігі бар? Ернұр Медет рет-ретімен тарқатады.
Елдің ертеңі алдымен оның заңдарында жазылады. Көптің қайда бет бұрғанын, болашағын қалай бағамдайтынын Ата заңына қарап-ақ аңғаруға болады. Мемлекет дегеніміз алып машина. Ол алға жылжу үшін тұтас жүйе дұрыс жұмыс істеуі керек. Бүгін Президент қол қойған 5 құжат билік құрылымдарының өзара байланысын жаңаша қалыптастыруға бағытталған.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Себебі өмір бір жерде тұрған жоқ. Бізде жаңа технологиялар еніп жатыр. Мына геосаяси мәселесіне байланысты көптеген нәрселер тез өзгеріп жатыр. Сонымен қатар жасанды интеллект, цифрлы Қазақстан болуға байланысты көптеген жаңашылдықтар ашылып жатыр. Бұған алдында қабылданған 4 саяси реформаның жалғасы ретінде қарау қажет.
Енді басқару жүйесінде жаңа лауазым – Вице-президент қызметі пайда болады. Ол Президент тапсырған маңызды мәселелерге жетекшілік етіп, мемлекеттік органдармен жұмысты үйлестіреді. Ал қоғамның үні Қазақстан Халық Кеңесі арқылы естіледі. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кіреді.
Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы:
Жалпы, бұрынғы Ұлттық құрылтайдың функциясы толығымен көшеді. Сонымен қатар, бұл Конституциялық құрылым болып саналады. Деңгейі өскен. Одан кейін құқығы бар, заңға бастамашыл болады, ұсыныстар білдіре алады. Одан кейінгі құқық - Референдум туралы мәселе көтере алады. Сондықтан мен ойлаймын қазіргі уақытта Халық Кеңесі деген нағыз халықтың арасынан шыққан қандай мәселе болсын кірісіп, көтере алатын азаматтардан тұратын болады.
Саяси жаңғырудың өзегіне айналған өзгерістің бірі – Құрылтайдың құрылуы. Бұл Сенат пен Мәжілістің орнын басқан, салмағы артқан орган болмақ. Бір палаталы Парламентте 145 мандат болып, депутаттар пропорционалды жүйемен бес жылға сайланады.
Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Енді тиімділігі ол, біріншіден, партия тізімімен сайланған депуттаттардың тиімділігі жоғарырақ болады деп сенемін. Себебі, партияның өңірдегі өкілеттілігі де көбірек, партияның мүмкіндігі де көбірек негізі, экономикалық жағынан, қаржы жағынан партияның мүмкіншіліктері, мысалы, жалғыз жүрген депутаттарға қарағанда жоғарырақ.
Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заң Қазақстан картасындағы өзгерістердің бірыңғай тәртібін бекітеді. Енді жаңа облыс құру, аудан шекарасын өзгерту немесе елді мекен атауын жаңарту сияқты шешімдер осы заң аясында реттеледі. Ал Астананың мәртебесі туралы заң қаланың келешек келбетін айқындайды. Онда шаһардың сәулеттік үйлесімін сақтау, инфрақұрылымды дамыту және басқару жүйесіндегі жауапкершілікті нақты бөлу мәселелері қамтылған. Нақтыласақ, елорданың ертеңі енді бірізді талаптармен өріледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы