Қазақстан мен Кипр экономикалық жол картасын әзірлейді
Көлік-логистика, жасанды интеллект және туризм. Қазақстан мен Кипр әр салада әріптестікті күшейтуге ниетті. Аралда орналасқан мемлекет әсіресе біздің елдегі цифрлық үкімет пен Астана қаржы орталығының қызметіне қызығушылық танытып отыр. Бүгін Қазақстанға осы елдің басшысы ресми сапармен келді. Жай келмей өзімен бірге ең ірі кәсіпкерлерін ерте келген. Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы шетелдік бизнеске есігіміз ашық екенін айтты. Сонымен тараптар қандай келісімге келді? Ресми Астана мен Никосия әріптестігінің әлеуеті қандай? Тілші материалында.
Астана биылғы жаздың алғашқы қонағын қарсы алды. Никос Христодулидис Қазақстанға табаны тиген бірінші Кипр Президенті. Бұған дейін ол осы елдің сыртқы істер министрі ретінде елімізге келген еді. Тәуелсіздік сарайында сарбаздар сап түзеп, мейманға құрмет-қошемет көрсетілді.
Кипр – Еуроодақтың мүшесі. Биыл ұйымға төрағалық етіп отыр. Жерорта теңізінің ортасында, жердегі жұмаққа баланған шағын ғана аралды мекен етеді. Халық саны бір миллионға жуықтайды. Ірі қаласы Ларнака мен Астана арасында енді ғана тікелей әуе бағыты ашылды. Христодулидис алғашқы жолаушылардың бірі болып осы рейспен елордаға келді. Жоғары деңгейдегі келіссөздердің басты тақырыбы сауда-саттық және инвестиция болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан кипрлік компаниялардың инвестиция құю және елімізде кәсіп ашу ниетін құптайды. Ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі – бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Кипр компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Үкіметіміздің нақты қолдауына арқа сүйей алады.
Никос Христодулидис, Кипр Республикасының Президенті:
Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін Кипр Президентіне І дәрежелі «Достық» орденін табыстады.
Қазір елдер арасындағы алыс-беріс көп емес. Былтыр бір миллион долларға да жетпеген. Дегенмен бірнеше жыл бұрын 167 млн долларға көмір брикеттерін және 6 млн долларға алюминий экспорттадық. Демек әлеует бар. Президент сауда-саттықты арттыру үшін экономикалық ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуді ұсынып, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес құру керектігін айтты. Сонымен қатар кипрлық компанияларды Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кипр әлемдік деңгейдегі теңіз хабы саналады. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл қадам Орталық Азия аймағы, Каспий аймағы және Жерорта теңізі арасында жаңа көп салалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады.
Қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Келіссөз барысында цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кипр тарапы Қазақстанның eGov жүйесіне және елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Біз бұл бағыттағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөлдік.
Никос Христодулидис, Кипр Республикасының Президенті:
Біз барлық деңгейде тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өттік. Өйткені орнықты саяси диалог – сенімді нығайту мен нақты нәтижеге қол жеткізудің негізгі факторы. Осы орайда маңызды салалар бойынша өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылғаны қуантады. Бұл келісімдер – жай ғана техникалық құжаттар емес, екіжақты байланыстардың әлеуетін құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жандандыруды көздейтін ортақ шешіміміздің айқын дәлелі.
Иә, келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар білім, ғылым, цифрландыру, мәдениет, спорт және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумдар мен келісімдерге қол қойды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы