Шымкентте аптапта тағам арқылы таралатын инфекция көбейді
Шымкентте жаздың аптап ыстығымен бірге ішек инфекциясына шалдыққандар саны да артқан. Жыл басынан бері ауруханаға 500-ге жуық адам түскен болса, оның басым бөлігі шілде айында сырқаттанған. Дәрігерлер мұндай кезде тез бұзылатын тағамдарды сақтау мен тұтынуға ерекше мән беру қажет екенін айтады. Өйткені инфекция көбіне тағам арқылы таралады.
Шіліңгір шілдеде жедел жәрдем қызметінің де жұмысы қыза түскен. Тәулігіне екі мыңнан астам шақыртуға шығатын мамандар соңғы күндері ішек инфекциясының белгілерімен жүгінетіндердің көбейгенін айтады. Дәрігерлер мұны жаз мезгіліне тән маусымдық жағдаймен байланыстырады.
Арман Бақтыбаев, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бөлім басшысы:
Негізі жазғы маусымда шақырту 2500-ден жоғары болады. Іш өту, құсу сол жағдайлармен келеді. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қазіргі жеміс-жидектерді жемес бұрын жуып, алдын алатын болсақ шақыртулар аздау болады.
Мамандар аптап ыстықта тағамның сапасы мен оны сақтау талаптарына ерекше мән беру қажет екенін айтады. Себебі, жоғары температурада азық-түлік тез бұзылып, инфекцияның таралу қаупі артады. Шілде айының өзінде 280 адам ауруханаға түскен. Сырқаттанғандардың дені 14 жасқа толмаған балалар.
Жұлдыз Райымқұл, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
Бүгінгі таңда 5 және одан да көп науқастар бізде тіркелген жоқ. Яғни бізге ондай шұғыл хабарлама келген жоқ. Уланудың алдын алу мақсатында біз тұрғындарға сатып алатын сауда орындарынан, базарлардан, кез келген нүктелерден таксикологиялық зертханадан өткені туралы сараптаманың қорытындысын талап ете аласыздар.
Жаздың аптабымен бірге қауын мен қарбыздың да маусымы қызған. Базар сөрелері бақша өнімдеріне толы. Сатып алушылар да аз емес.
Бағлан Алтаев, қала тұрғыны:
Өзімізге, балаларға жеуге алып жатырмыз. Қауын-қарбыз енді қәзір піскен уақыты ғой. Қазір мына қауынды жеп көрдік, Жетісайдан келген екен, өте дәмді.
Тұрсынай Жарқынбаева, сатушы:
Несібемізді осы қауын-қарбыздың мезгілінде бастаймыз. 3 ай жаз мезгілінде істейміз. Мына жақтан базарда өзіміздің СЭС бар, басқа бар - тексереді. Барлығы тексеру бойынша келеді, қазір тексерусіз зат жоқ.
Базар сөресіне қойылатын әр өнім әуелі зертханалық бақылаудан өтеді. Қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі расталғаннан кейін ғана сатылымға шығарылады. Алайда, базар мен көше саудасындағы бақша өнімдерін алғанда тұрғындардың өздері абай болғаны абзал.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы