Басты Жаңалықтар Бойжеткен велосипедпен 42 күнде 4 мың шақырым жүрген

Бойжеткен велосипедпен 42 күнде 4 мың шақырым жүрген

Саяхатшы Бүрлен Әділетқызы 4 мың шақырым жолды артқа тастап, Талдықорған қаласына жетті. Маңғыстау облысынан басталған сапары елорда күні қарсаңында Астанада аяқталмақ. Осылайша ол жалпы 9800 шақырымды бағындыруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде 42 күн ішінде жолының тең жартысын жүріп өтті. Саяхатшы сапары аясында Жетісу жастарымен жүздесіп, велоэкспедициясы жайында ой бөлісіп, жас велошабандоздарға тәжірибесін айтты. Ендігі бағыты – еліміздің шығыс және солтүстік өңірлері. Саяхатшының сөзінше, қарсы соққан жел сапарды біршама қиындатқан. Ал жол бойындағы тұрғындар көмек беріп, қолдау білдіріп отырған. Бүрлен бұл сапарында тарихи орындарды аралап, саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен. Қытайдың Тарбағатай аймағында туған велошабандоз биыл Қазақстанға қоныс аударған. Оның сапарын әлеуметтік желі арқылы тамашалайтын қандастар қатары күн сайын артып келеді.

Бүрлен Әділетқызы, саяхатшы:

Жолда келе жатқанда көмектесетін адамдар өте көп. Көп адам мені танымайды. Бірақ жолда тоқтай қалады да, суын береді. Шетелдегі қандастарымызға өзінің ата жұртын көрсету ойда болды. Бір жағынан туризмді дәріптеп, салауатты өмір салтын дәріптеу болды.  


Бөлісу