ЕАЭО саммиті: Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық интеграцияны тереңдетуге үндеді
Еуразиялық экономикалық одақтың саммиті туралы бірер сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық валюта қоры биыл жаһандық өсім болжамын 3 пайызға дейін төмендеткенін айтып, одақ аясындағы экономикалық интеграцияны тереңдетуге үндеді.
Сонымен бірге еуразиялық көлік дәліздерін жедел цифрландыруға шақырды. Азия, Еуропа пен Таяу Шығысты байланыстыратын бағыттардың жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асады, оның 10 мың шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді, деді. Және Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерді қолдайды. Үндістан ғана емес, Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасымен экономикалық байланысын кеңейту қажет.
Әрине, жасанды интеллект, кванттық есептеулер секілді технологиялық үрдістерге тоқталды. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, әлемде жасанды интеллект технологияларына құйған қаржы 1 триллион долларлық межеден асты. Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы жиынтық үлесі 7 триллион долларға жетуі мүмкін. «Сондықтан озық технологиялар еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналуы керек», – деді. Жұмыс жүріп жатқан көрінеді. «Трансформация өндіріс және логистикадан бастап, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл одаққа Қазақстан, Қырғыз республикасы, Беларусь, Ресей және Армения мүше екені мәлім. Арменияның соңғы уақыттағы позициясы да белгілі. Жалпы ситуацияны біліп отырмыз...
Жоғары экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысына Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының Вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мохаммад Аттабак та қатысты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы