ЕАЭО: 18 құжатқа қол қойылды
Еуразиялық экономикалық одақ елдері жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Мемлекеттер жасанды зердені дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сонымен қатар бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы қорытындыланып, 18 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде 2020-2025 жылғы стратегиялық жоспардың аяқталуы туралы келісім бар. Сонымен, одақ құрылғалы қандай нәтижеге қол жеткізілді?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бүгінгі отырыстың символикалық мәні ерекше. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ осыдан тура 12 жыл бұрын осы қалада, яғни Астанада құрылған еді. Бүгін, міне, ұйым аясында Еуразиялық бестік тағы да Арқа төсінде бас қосты.
Былтыр одаққа мүше елдердің өзара сауда айналымы 95 млрд долларға жеткен. Бұл Тунис, Оман және Словакия сынды елдердің жалпы ішкі өніміне парапар сома. Сандарды сөйлетсек, ЕАЭО-дағы өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 1,6%-ға, ауыл шаруашылығы өндірісі 4,6%-ға, ал құрылыс саласы 4,2%-ға өскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Болжамға сай, 2026-2027 жылдары ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнім өсімі 2,5 пайызға жуықтауға тиіс. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді.
Ең бастысы - одақ макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап қана қоймай, оны ілгерілетіп отыр.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Қазіргі жағдайдың ерекшелігін ескерсек, Еуразиялық интеграцияның тереңдеуі біздің бірлестікке мүше әрбір мемлекет үшін нақты пайда әкелетінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бизнес табысының артуына, азаматтарымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді.
Халықаралық валюта қоры биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайды деп топшылап отыр. Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың да экономикалық дамуына әсер ететіні хақ. Сондықтан бірлестікті жаңа жағдайларға бейімдеу және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр. Бұл орайда жаңа технологиялар, цифрландыру және жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Күш-жігерімізді келесі басым бағыттарға жұмылдырудың мәні зор деп санаймын. Бірінші - Еуразиялық интеграцияның цифрлық негізін нығайту. Цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы жаңа технологиялық жүйе қалыптастыру кезінде деректерді жедел өңдеу, автоматтандыру және инновацияны жаппай енгізу табыстың негізгі факторына айнала бастады.
Сарапшылардың пайымынша, әлемде жасанды интеллект технологияларына құйылған қаржы көлемі 1 триллион долларлық межеден асты. Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы жиынтық үлесі бірнеше есе көбейіп, 7 триллион долларға жетуі мүмкін. Озық технологиялар Еуразиялық интеграцияның қуатты катализаторына айналуы керек. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ елдері жасанды интеллектіні дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарық кеңістігіне айналып қана қоймай, технологиялық серіктестік пен бірлескен инновациялардың платформасы болуға, жаңа өсім қалыптастыруға әлеуеті жеткілікті екеніне сенімдімін. Жасанды интеллектіні бірлесіп дамыту одақтың технологиялық қадамына қуатты серпін беретініне сенім білдіреміз.
Қазақстан цифрландыру көрсеткіші жағынан Орталық Азияда көшбасшы. Елімізде 100-ден астам жаңа жоғары технологиялық компания жұмыс істейді. Мемлекетіміз технологияны нетто-экспорттаушы мәртебесін ресми түрде дәлелдеді. ІТ қызметтер экспортының көлемі былтыр 1 миллиард доллардан асты. Ал онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіреміз. Ендігі міндет – осы табысты тәжірибені кеңінен тарату. Осы тұста Мемлекет басшысы Еуразия кеңістігіндегі көлік дәліздерін цифрландыруға ерекше көңіл бөлу керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еуразияның көлік жүйесі Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың басты нарықтарын байланыстыратын жоғары технологиялық халықаралық бағыттардан құралады. Бұл арада жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздерінің тұтас жүйесі туралы сөз болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономика тізбегіндегі жетекші орнымызды сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында жалпы саны 18 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде 2020-2025 жылғы стратегиялық жоспардың аяқталуы туралы келісім, алдағы уақыттағы халықаралық шешімдердің тізбесі және сауда-саттық географиясын ұлғайту мәселелері бар.
Бақытжан Сағынтаев, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:
Былтырдан бері Индонезия, Моңғолия және БАӘ-мен қол қойылды. Енді қазір Үндістанмен, Пәкістанмен жұмыс басталып жатыр. Үлкен сауда нарықтарына жол ашылайын деп жатыр.
Сондай-ақ бүгінге дейін одақ тарапынан өнеркәсіпке ғана беріліп келген субсидия енді агросекторға да бағытталатын болды. Осымен екі күнге жалғасқан форум және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өз мәресіне жетті. Шараға Ресей, Беларусь, Қырғызстан президенттері мен Арменияның вице-премьері қатысты. Одақтың келесі саммиті Санкт-Петербург қаласында өтеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы