Абай облысында қайтарылған активтер есебінен 27 нысан салынып жатыр
Абай облысында мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен 27 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Бұл жобалар білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және әлеуметтік салаға бағытталған. Солардың бірі – Семей қаласындағы Оқушылар сарайы. Жобаға 7,6 миллиард теңге бөлінген.
Оқушылар сарайының ғимараты мемлекетке қайтарылған заңсыз активтердің есебінен жүзеге асқан маңызды жоба. Заңсыз айналымдағы қаржы осылай балалардың игілігіне жарап отыр. Бұл орталықта мыңдаған оқушы ғылым, техника, өнер және спорт бағытындағы түрлі үйірмелерге қатысып, қабілеттерін шыңдайтын болады.
Қанат Шапатов, Оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы:
Балалардың мектептен бос уақытын қамтиды. Негізі көбісі осы жерге келіп, өзінің кәсіби бағытын табады. Бәріміз бала болдық, 2-3 үйірмеге қатыстық, кейбіреуі ұнатып әуесқой болады. Сондықтан ішінде профориентациялық жұмыс көп жүргізіледі.
Мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен Семейде психоневрологиялық ауытқулары бар адамдарға арналған әлеуметтік орталықтың жаңа корпусы ашылды. Нысан құрылысына 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. 150-ден астам науқас енді сапалы әлеуметтік қызметпен қамтылады. Денсаулық сақтау саласында іске асқан кезекті жоба Аягөз қаласында бой көтерді
Еркебұлан Қожанбаев, Абай облысы прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:
Аягөз ауданында құны 250 млн теңге болатын МРТ аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимарат салынды. Аталған аппарат облыстың бірнеше ауданының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Қалған нысандардың құрылысы облыс прокуратурасының бақылауында.
Нысандардың құрылысы облыс прокуратурасының бақылауында. Қайтарылған активтер есебінен Абай облысында жалпы құны 52 миллиард теңгенің 27 жобасы іске асырылып жатыр.Олардың қатарында ауызсу жүйелерін тарту, электрмен қамту, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы маңызды жобалар бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы