Талдықорғанда «BIKEN FEST» IV Халықаралық театр фестивалі басталды
Өнер додасына Түркия, Өзбекстан, Грузияның және еліміздің үздік театр ұжымдары қатысып, көрерменге үздік қойылымдарын ұсынбақ. Мәдени шара шығармашылық ортаның байланысын нығайтып, қазақ театр өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ фестиваль қазақ сахна өнерінің көрнекті тұлғасы, Халық артисі Бикен Римованың рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған. Өнер мерекесі аясында жас режиссерлер, актерлер мен драматургтерге қолдау көрсетуге де басымдық беріледі. Талдықорғандағы театрлар шеруі 29 мамырға дейін жалғасады. Шараға жиналғандар мұндай халықаралық фестиваль өңір мәдениетінің дамуына серпін беріп, театр өнеріне қызығушылықты арттыратынын айтады.
Зале Карабекир, түркиялық театрдың көркемдік
жетекшісі:
Бұл – Қазақстанға алғашқы келуіміз. Сондықтан ерекше толқып тұрмыз. Талдықорғанға Samuel Beckett шығармасына жауап ретінде жазылған спектакль алып келдік. Қойылым әйелдер мен олардың үні туралы. Түркі халықтарының рухани байланысы жақын болғандықтан, алдағы уақытта бірлескен жобалар болады деп сенемін.
Сағындық Айтмұхаметұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Астана, Алматы қалаларынан және облыстық театрлар қатысады. Сол кісілердің барлығы фестиваль басталған күннен аяқталған күнге дейін бірге болып, өз әріптестерімен пікір алысып, бір-бірінің ойын көріп, тәжірибе алмасуы маңызды деп ойлаймын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы