Жұмысшының еңбек құқығы: Заңға қандай өзгеріс енгізіледі?
Парламент еңбек адамының құқығын қорғауды күшейтетін заң қабылдады. Мәжіліс депутаты А. Аймағамбетовке сілтеме жасап, себебі бастамашы — депутаттар, бірнеше пунктін тарқатамыз.
Скрининг — жұмыс берушінің есебінен. Жұмыс беруші орташа жалақыны сақтай отырып, 3 күнге дейін скринингке жіберуге міндетті. Өйтпесе жауапкершілік арқалайды.
- Ауысым алдындағы тексеру — бұл да жұмыс. Жүргізушілер мен зауыт жұмысшылары тексеруден өту үшін сағаттап кезекте тұрады. Бұл уақыт төленбейді. Енді төленуі тиіс. Аймағамбетовтің айтуынша, бұл норма кәсіпорындарды процесті автоматтандыруға итермелейді. Әйтпесе кезекте тұрған әр сағат үшін ақы төлеуі керек.
- Әділ жаза. Кішкене қателік үшін адамды бірден жұмыстан шығаруға болмайды. «Өз еркіңмен кет, болмаса, бап бойынша шығарамын», деп дікілдейтін бастықтар барын кім білмейді?
Ғабит Әбдікерімов - қоғамдық көлік жүргізушісі. 30 жылдан бері осы
саладан нан тауып жүр. Жұмысқа қала іргесіндегі Сарыкемер ауылынан қатынайды.
Күннің көзі сынық сүйем көтерілгеннен, қас қарайғанға дейін рөлде.
Ғабит Әбдікерімов, қоғамдық көлік жүргізушісі:
05:00-де тұрып келеміз. Жол жүру парағын аламыз. Одан кейін дәрігерге кіреміз. Алкотест, қан қысымды тексереді. Бірақ ол жерде кезек болады. Бір сағаттай тұрамыз дәрігердің алдында.
Осындай медициналық тексеріске кеткен уақыт үшін ақы төленуі керек
пе, жоқ па? Бұл сұрақ бүгінге дейін дау тудырып келген. Себебі Ғабит секілді
түнгі төртте төсегінен тұрып, таңғы бесте жұмысқа келетіндер бар.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламент
Мәжілісінің депутаты:
Осы проблеманы шешу үшін кезекшілік алдындағы тексеріс уақыты бұл да жұмыс уақытына кіреді. Бұған да жұмыс беруші ақша төлеуі керек. Бұл норма жұмыс берушілерге автоматтандыруға жақсы бір мүмкіндік береді деп ойлаймын. Егер, автоматтандырмаса, бұл уақыт азаматтарға төлену керек.
Демек мұнай-газ, тау-кен мен және көлік тасымалы саласындағы
кәсіпорындар таңдау жасауы қажет. Тексерісті автоматтандыру немесе ақы төлеу.
Ал маңдай терін пұлдаған мамандар басшылыққа жақпайтыны рас.
«Еңбек кодексі қысым жасау құралына айналды» дейді сарапшылар. Мәселен, қызметкер
алғаш рет болмашы қателік жасаса, оған ескерту, сөгіс, тіпті қатаң сөгіс
берілсе болады ғой.
Майра Боранбаева, ҚР Кәсіподақтар
федерациясының бас сарапшысы:
Жұмыс берушіде тәртіптік жазаға тарту, сол тәртіптік жаза арқылы жұмыстан шығаруды, яғни, еңбек шартын бұзуға құқық бар. Қазіргі еңбек заңнамамызда реттілік жоқ.
Бибігүл Ағыбаева, еңбек құқығы
саласының сарапшысы:
Басшылық жағынан сол жұмыс орнын босату үшін жұмыскерге айтарлықтай қысым жасайды. Өз бетіңмен кет, болмаса, бап бойынша шығарамын деп артынан қалмайтындар да бар.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Негізі Еңбек кодексінде «тәртіптік жазаларды қолдану» 65-баппен реттеледі. Енді осы бапқа тағы бір норма қосылып отыр. «Ол тараптар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді» дейді заң авторлары. Яғни, басшылық қандайда бір жаза бермес бұрын, мән-жайды, қызметкердің өкінетінін ескеруге міндетті. Әрине, жауапкершіліктен мүлде босатуға болмайды.
Бибігүл Ағыбаева, еңбек құқығы саласының сарапшысы:
Шыныменде тәртіп бұзған адамды жауапкершілікке тарту керек. Себебі, жауапкершіліктен құтылған адам, ешқашанда дұрыс ойға келмейді.
Биылдың өзінде еңбек инспекциясына 22 мыңға жуық арыз-шағым
түскен. Соның 83%-ы қызметтен қудалау, жалақы мен еңбек шартын заңсыз бұзуға
байланысты. Соның ішінде ар-намысты аяққа таптайтын басшылар да бар. Енді олар,
абайлауы керек. Өйткені жұмыскердің «ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрмет
көрсетілуіне, жеке өміріне қол сұғылмауына құқығы бар» деген бап енді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламент
Мәжілісінің депутаты:
Яғни, оның жеке өмірі бойынша, жеке бір қасиеттері бойынша, жұмысы болмауы керек. Азамат жұмысты істей ала ма, берілген функцияларды орындап отыр ма, міне сол жеткілікті.
Майра Боранбаева, ҚР Кәсіподақтар
федерациясының бас сарапшысы:
Жалпы еңбек қатынастарындағы кез келген заңбұзушылықты жұмыскердің құқығын таптау деп қабылдауымыз керек.
Жұмысшы – жалшы емес.
Еңбек саласында жұмыс беруші мен жұмысшы бір біріне тәуелді. Сәйкесінше, қос тарап еңбек
шартындағы міндеттемелерді қатар орындауы тиіс. Соның бірі –скрининг. Егер оған
басшылық жібермесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламент
Мәжілісінің депутаты:
Енді жұмыс беруші осы скринингке 3 күнге дейін орташа жалақысын сақтай отырып, жіберуге міндетті. Өйткені, көп азаматтар жұмыстан шыға алмай жатады, көп азаматтарды жұмысынан босатпайды, әлде олар білмей қалады.
Бұдан кейін «білмей
қалдым» деген әңгіме болмайды. Мұнымен
кадр қызметкері тікелей айналысады. Медициналық тексерістің уақыты келгенде
eGov немесе SMS арқылы хабарлама жолданады.
Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық
сақтау вице-министрі:
Біз скринингтау жөніндегі хабарламаны жұмысшыға да, жұмыс берушіге де беруге дайындалып жатырмыз. Цифрлық платформаның интеграциясын бастап кеттік. Оның аяқталу мерзімі осы жылдың 3-4 тоқсанында деп жоспарлап отырмыз.
Ал кең көп
кездесетін кейс-декреттік демалысқа шыққан әйелдер бұрынғы жұмысына бара
алмайды. Ендігі жерде олар жұмыс берушіден жазбаша жауап алуға құқылы. Соның
аясында сотқа жүгіне алады. Егер жұмысқа қабылданбаса, неге олай екені
түсіндірілген жазбаша жауап жүкті әйелдер мен мүгедектігі бар азаматтарға да
міндетті түрде берілуі қажет.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Еңбек кодексіндегі өзгерістерді Сенат мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Бұл тек заң нормаларының жиынтығы емес, жұмысшының құқығы мен бостандығын қорғайтын әлеуметтік кепілдік. Әділ қоғам құрудың бір алғышарты – еңбек адамын қадірлеу екенін ескерсек, маңдай тердің өтеуін бермеу, мансұқ ету – заңбұзушылықтан бұрын, адамгершілікке қайшы әрекет. Бұл енді санаға байланысты пайым. Оның әңгімесі көп, өкінішке қарай…
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы