110 гектар алқапқа апорт көшеттері әзірленіп жатыр
Алматының бренді саналатын апорт алмасы қайта жаңғыртылып жатыр. Қазір 110 гектарға жететін көшет дайындалған. Ғалымдардың айтуынша, ол үшін генетикалық тұрғыдан іріктелген жабайы Сиверс алмасының түрлері пайдаланылады.Мамандар тарихи сорттың табиғи қасиетін сақтап, жаңа ағаштар егуге кірісті. Апорттың қайта жаңғыруы қалай жүріп жатыр?Айдана Қуантхан тарқатады.
Бұл - Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми негізде отырғызылған апорт көшеттері. 10 гектар алқапқа жабайы Сиверс алмасының мыңнан астам түрінің ішінен 11 формасы іріктеліпті. Одан ғалымдар вируссыз көшет шығарып, ірі жеміс беретін, ауруларға төзімді бақ жасауды көздеп отыр.
Сағи Сұлтанбеков, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «талғар» аймақтық филиалының директоры:
Бір алманың салмағы 300-500 гр арасында болды, басты ауруларға төзімді болды. Бір көшетті дайындауға шамамен 2-3 жыл уақыт керек. Сиверс алмасының тұқымын жинап алып келеміз, оны өсіреміз. Ол өзінің карандаш сияқты болған кезде апорт алмасының талшықтарын телу арқылы телу жасаймыз. Алдағы екі жылдықта көшет аламыз.
Былтыр күзде 10 гектар жаңа апорт бағы тәжірибе ретінде отырғызылса, биыл тағы 10 гектар жерге көшет дайындалып жатыр.Келесі жылы 90 гектар алқапқа көшет отырғызу жоспарланып отыр.Ғалымдардың айтуынша, теңіз деңгейінен 800-ден 1350 метрге дейінгі биіктікте өскен апорттың түсі, дәмі мен хош иісі ерекше болады.
Ерсайын Досымбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы:
Апорт сортын дамыту бойынша ғылыми институттармен жұмыстар жүргізілуде. Алма бақтарын дамыту бойынша шаруаларды қолдау бойынша жұмыстар атқарылады. Оның ішінде тұқымды, минералды тыңайту, су беру, ауыл шаруашылық техникаларын сатып алу кезінде шығыстарын бір бөлігін өтеу бойынша атқарылады.
Елімізде апорт бақтарының жалпы көлемі шамамен 2,5 мың гектар. Алайда бұл алма сегіз жылдан соң ғана өнім береді. Соған қарамастан,жобаның экономикалық әлеуеті жоғары. Ғалымдардың айтуынша, бір апорт ағашынан 50–70 келіге дейін жеміс жинауға болады. Сондай-ақ, тасымалдауға қолайлы. Яғни, апортты қайта жаңғырту Алматының тарихи брендін дәріптеп,өңірдегі агротуризмнің дамуына да жаңа серпін береді, дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы