Басты Жаңалықтар Цифрлық мүмкіндік пен спорттық шеберлік тоғысқан дода

Цифрлық мүмкіндік пен спорттық шеберлік тоғысқан дода

Тура бір аптадан соң елордада болашақ ойындары басталады. Бас қалаға әлемнің 35 елінен 800-ден аса спортшы жиналмақ. Бірақ осы халықаралық деңгейдегі жарыстың ережесі мен ерекшелігін көпшілік нақты біле беремейтін көрінеді. Фиджитал. Бұл киберспорт та, дәстүрлі спорт та емес. Екеуін біріктірген жаңа жарыс форматы. Ал оның артықшылығы қандай? Келесі бейнематериалда көрейік.

Ернұр Медет, тілші:

Алғаш көрген адам мұны киберспорт деп ойлауы мүмкін. Қарсыластар бір-бірімен джойстик арқылы сынға түсіп жатыр. Бірақ бұл жолғы ойынның ерекшелігі, матч монитор алдында аяқталмайды.

Санаулы сәттен кейін ойыншылар спорттық киімін киіп, сайысты енді арнайы кортта жалғастырады. Экрандағы нәтиже де есепке алынады. Алаңдағы бәсеке де маңызды рөл атқарады.

Руслан Айтқали, PBC Astana фиджитал-баскетбол командасының капитаны:

Бұл спорт түрі өте күрделі. Өзіңіз байқағандай, денені шынықтыру қажет, цифрлық технологиямен де жұмыс істей білу керек. Қазір әлемде кеңінен таралып келе жатыр. Себебі, жастар үшін өте қызық. Тіпті алдағы уақытта олимпиадалық ойындары тізіміне қосылуы мүмкін.

Ернұр Медет, тілші:

Бұл болашақ ойыны. Фиджитал. Ағылшынның физикалық және цифрлық сөздерінің қосындысы. Жаңа формат тың технология мен дәстүрлі спортты бір арнада тоғыстырады.

Фиджитал футбол - виртуалды матчтан кейін ойыншылар жасыл алаңда бақ сынайды. Жекпе-жек те бар. Монитор ішінде күш сынасқан спортшылар, одан соң рингке шығады. Фиджитал шутер – цифрлық тактикалық миссиялардан кейін командалар физикалық арнайы алаңда сынға түседі. Одан соң фиджитал би және көлік жарысы сынды түрлі сайыстар бар.

Жарыстар елорданың төрт негізгі спорттық нысанында, атап айтсақ, Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, Ұлттық теннис орталығы мен «Барыс Арена» көпбейінді мұз сарайында өтеді. Әр нысан фиджитал жарыстардың талаптарына сай қайта жабдықталды.

Ержан Шакеев, «Болашақ ойындары – 2026» спорттық іс-шаралар бөлімінің басшысы:

Маусым айының басында халықаралық форматтағы іріктеу кезеңін өткіздік. Осы жарыс барысында барлық инфрақұрылым мен ұйымдастыру үдерістерін сынақтан өткізіп, алдағы додаға дайындығымызды пысықтадық. Ендігі мақсатымыз шетелдік спортшыларға жайлы жағдай жасап, жоғары деңгейлі жарыс өткізу.

Халықарлық дода биыл үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Алғашқы турнир 2024 жылы Ресейдің Қазан қаласында өткен еді. Ал былтыр ойыншылар Біріккен Араб Әмірліктерінде бас қосты. Биыл 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтеді.


Бөлісу