Басты Жаңалықтар Жетісу облысында шаруалар қысқы мал азығын қамдап жатыр

Жетісу облысында шаруалар қысқы мал азығын қамдап жатыр

Жетісу облысының шаруалары мал азығын жинауға кірісті. Төрт түлікті қыстан алып шығу үшін 2,5 млн тоннаға жуық азық қажет. Алғашқы орақта оның 900 мың тоннасын жинап үлгерді. Биыл өңірде мал азығы үшін 100 мың гектар жер бөлінген. Алайда аптап ыстық пен құрғақшылық шаруалардың ісін шатқаяқтатып тұр.

Райымбек Нүсіпхан биыл шөптің шығымы нашар дейді. Көктемде жауын-шашын аз түсіп, ауа райы қолайсыз болды. Соның салдарынан бұрын бір айналымнан 70 бума жиналатын шөп биыл 40 бумаға да жетпеген.

Райымбек Нүсіпхан, шаруа:

Құрғақшылық. Мысалы, бір загоннан былтыр 70 рулон шықса, қазір 40–30 рулон ғана шығып жатыр. Шөп көтерілмейді. Күннің ыстығы және жаңбыр мәселесі қатты әсер етіп жатыр. Енді өткен жылы біз 400 рулон жинағанбыз, осы жолы 300 жинадық.

Сарқан ауданында Райымбек Нүсіпхан сияқты 700-ден астам шаруа бар. Биыл диқандар 40 мың гектар алқапқа орақ салады. Мамандардың сөзінше, далалық жерде жауын-шашын аз түссе де, таулы аймақта шөп шүйгін. Аудан әкімдігі биыл 280 мың тонна жем-шөп жинауды жоспарлап отыр.

Ғазиз Есжанов, аудан әкімінің орынбасары:

Биыл 281 мың тонна жоспарлап отырмыз. Енді былтырдан қарағанда көбірек жинап, молынан болсын деген мақсатпен. Бізде егістікпен айналысатын 1000-нан артық шаруа қожалықтарымыз бар. Ол егістікпен де, малдармен де айналысады.

Бүгінде Жетісу облысында екінші орақ науқаны басталды. Ауылдағы ағайын ауа райының қолайлы болғанын күтіп, шығынсыз өнім жинап алуға ниетті. Жалпы облыста мал басын сақтап, көбейту үшін 2 миллион 450 мың тонна жем-шөп дайындау қажет.

Мұрат Тілеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы:

2 млн 450 мың тонна мал азығын жинаймыз деген жоспарымыз бар. Оның ішіне айта кететін болсақ, 1 млн 442 мың тонна шөп, 210 мың тонна сүрлем, 130 мың тонна пішендеме, 350 мың тонна сабан, 317 мың тонна құрама жинаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Мал баққан шаруа үшін әр күн маңызды. Алдағы қыстан қысылмай шығу үшін ала жаздай бел жазбай еңбек етпек керек дейді олар.


Бөлісу