Басты Жаңалықтар Қазақстан-Кения іскерлік кеңесі құрылмақ

Қазақстан-Кения іскерлік кеңесі құрылмақ

Кения Қазақстанның тыңайтқыш өнімдеріне қызығушылық танытып отыр.Осы бағытта ортақ кәсіпорын ашып, ауыл шаруашылығы саласын бірлесе дамытуға ниетті. Одан өзге тараптар тау-кен саласында да ынтымақтастықты арттырмақ. Бүгін Қазақстанға Кенияның 40-тан астам компания өкілі келді. Екі елдің кәсіпкерлері бас қосқан бизнес форумда тағы қандай келісімдерге қол қойылды. Раушан Сайлауқызы толықтырады.

Ең әуелі Қазақстан-Кения іскерлік кеңесін құру қажет. Бұл екі елдің алыс беріс, барыс-келісін арттырады, бизнес мүмкіндіктерін зерттеуге, зерделеуге жол ашады. Осылай деген Президент ең әуелі бірқатар маңызды жобаларға тоқталды. Қазақстанда тыңайтқыштың үш түрі шығарылады. Олар азот, калий және фосфат. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапалы өсуіне, мол өнім алуға және топырақтың құнарлығынын арттыруға мүмкіндік береді. Кения осы өнімдердің үш түріне де қызығып отыр. Екі ел Қазақстанда бірлескен кәсіпорын ашуды көздейді. Жоба жүзеге асса тауардың бұл түрін Кения арқылы тұтас Африка елдеріне экспорттауға болады. 

Джон Мвэнда, Кения инвестиция агенттігінің бас директоры:

Тыңайтқыш өндіру бойынша қызығушылығымыз жоғары. Өтйкені бұл өнімдері біздің елде ауыл шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Тау-кен өндірісі саласы бойынша Қазақстанмен тәжірибе алмасуды көздейміз.

Ал Кения Қазақстанға шәй, кофе гүл өнімдерін жөнелтуге ниетті. Мысалы, шәй өнімдерін мол қорын контейнер арқылы жеткізсе Қазақстан Еуразия кеңістігінде шәй тасымалының ірі хабына айнала алады. 

Джордж Окойо, шәй өнімін дамыту бойынша кения агенттігінің басқарушысы:

2025 жылы Қазақстанға 24 млн килограмм шай экспорттадық. Біз жылына 350 млн килограмнан астам шай өндіретінімізді ескерсек, бұл жалпы өндіріс көлемінің шағын бөлігі ғана. Егер жаңа серіктестер тартып, тұтынушылар санын арттыра алсақ, экспорт көлемін тағы шамамен 10 пайызға немесе одан да көп мөлшерге ұлғайтуға мүмкіндік бар.

Кения – 300 млн халқы бар Шығыс Африка нарығына кедергісіз кіруге болатын басты логистикалық қақпа. Сондықтан тараптар ең әуелі осы логистика мәселесін шешудің жолдарын қарастырып жатыр.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы:

Солтүстік, Оңтүстік деген маршурутты қолға алайық деп жатырмыз. Оның бірнеше тармағы бар. Бірінші тармағы Оман порттары арқылы. Екінші тармағы мульти модалды тасымалдау ретінде автожол көліктерімен Пәкістанға шығу. Ары қарай Порттар арқылы Кенияның порттарына жету.

Президент елдің инвестициялық мүмкіндіктерін тоқталып, кениялық компанияларды кәсібін көркейтуге шақырды. Әрі Қазақстанның таңғажайып табиғатын тамашалап, екі елдің туризмдегі әлеуетін пайдалануға болатынын айтты. Тараптар ғарыш, цифрлық сала, фармацевтика, агрономия саласына қатысты 10-ға жуық экономикалық келісімдерге қол қойылды.


Бөлісу