Басты Жаңалықтар Жасанды интеллект негізіндегі телемедицинаның келешегі зор

Жасанды интеллект негізіндегі телемедицинаның келешегі зор

«Жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды телемедицина». Оралда өткен Қазақстан–Корея халықаралық симпозиумында осы тақырып жан-жақты талқыланды. Іс-шара аясында облыстық аурухана жанынан телемедицина орталығы ашылды.

Өңірдегі 10 медициналық ұйым телемедицина жүйесіне қосылған. Жыл басынан бері 383 онлайн кеңес өткен. Облыстық ауруханада ашылған орталық көмегімен дәрігерлер енді шалғай аудандағы әріптестерімен тұрақты байланыста болады.

Бейбіт Мұшағалиев, облыстық Көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі:

Тікелей байланысқа шығамыз. Бейнебайланыспен науқастардың бүкіл анализі бізге келіп тұрады. Біз мыннан көріп оны, осы жерден сол жаққа толық кеңес-консультация береміз.

Симпозиумда телемедицина, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект әдісін енгізу мәселелері талқыланды.

Ким Хе Юн, Халықаралық медицина орталығының директоры, неврология профессоры:

Біз медицинада жасанды интелект әдісін жиі қолданамыз. Атап айтқанда, мидың түсіріліміне сараптама жасағанда ЖИ жұмысымызды жеңілдетеді. Ол дәрігерді алмастыра алмайды. Бірақ бізге көмекші ретінде сапалы нәтиже көрсете алады.

Іс-шара барысында Медициналық көмекті қашықтан көрсету жүйесін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту жайы да қаузалды.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

Президент халыққа арнаған жолдауында қашықтан медициналық қызмет көрсету, яғни телемедицинаны дамытудың маңызын атап өтті. Біз осы бағытта оңтүстіккореялық тараппен тиімді ынтымақтастық орнатып отырмыз.

Қалалық ауруханада «CEREBRA» жасанды интеллект жүйесі енгізілмек. Жоба мидың компьютерлік томография зерттеулері кезінде инсультті ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Бөлісу