Қазақстанда музей саласының болашағы талқыланды
- Тарихи-мәдени мұраны сақтау, музей қорларын цифрландыру, 3D визуализация, виртуалды көрмелер мен мәдени дипломатия. «Қазақстан – Франция 2026» музеология форумында осы мәселлелер талқыланды. Сондай-ақ жиында қос тарап өзара тәжірибе алмасу, жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жағын қарастырды. Халықаралық шара жайлы тілшіміздің бейнематериалы.
- Музей – өткен мен бүгінді жалғайтын киелі орын. Қазіргі кезде мұражайлардың миссиясы түбегейлі өзгеріп келеді. Олар енді тек жәдігер сақтайтын орын емес, білім мен ғылымның, креатив индустрияның, цифрлық технологиялардың тоғысқан орталығына айналды. «Қазақстан – Франция 2026» музеология форумында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Жиында қос тарап өзара тәжірибе алмасу, жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, музей ісін жаңа деңгейге көтеру мәселесін талқылады.
- Сильван Гиоге, Францияның Қазақстан Республикасындағы өкілетті елшісі:
- Бұл салада Францияның тәжірибесі мол. Сондықтан Қазақстанға келген делегация арқылы осы тәжірибемізбен бөлісуді құп көреміз. Барлығымызға белгілі, Қазақстанның туризмі қазір қарқын алып келеді. Бірақ шетелдіктердің басым бөлігі еліңіздің табиғатын көруге келеді. Сондықтан туристерді мәдени салаға, яғни музейлерді тамашалауға тарту маңызды.
- Бұған дейін екі ел арасында музейлер және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастық жөніндегі декларацияға қол қойылған еді. Бүгінгі форум – осы сындарлы диалогтың заңды жалғасы.
- Валери Фрелан, «ALIPH» қорының атқарушы директоры:
- Біз кеше Қастеев атындағы өнер мұражайында болдық. Мен экспонаттарды қалпына келтіру процесінің құжаттандырылуына таң қалдым. Цифрландыру ісі де жақсы жолға қойылғанын көрдім. Бұл тұрғыдан біздің Қазақстаннан үйренеріміз мол екен. Біз әр елдің үздік тәжірибесін алғымыз келеді. Қазақстан солардың қатарында.
- Ресми мәліметтерге сүйенсек, Францияға жылына 100 млн-нан астам турист барады. Оның басым бөлігі дүниежүзіндегі ең үлкен әрі ең танымал музей – Луврға бас сұқпай қайтпайды. Демек, француз тарапының аталған салада бізбен бөлісері, берері көп.
- Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:
- Бұл енді төртінші конгресс, кеше жұмысын бастады. Ең басты күн тәртібіндегі мәселе жасанды интеллектті қолдану. Бізде қазір мәдениет министрлігінің қолдауымен Е музей жобасы жүріп жатыр. Әр адам өз үйінде отырып бүкіл музей жәдігерлерімен таныса алады. Музейлерге тур жасай алады. Сондықтанда бұл жұмыстарды, цифрландыруды жалғастыру қазір маңызды.
- Елімізде музейлерді дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бүгінде мұрайжайлардың келушілерге ұсынары көп. Қазақстандағы 286 музейде 4,5 млн экспонат сақтаулы. Тұнып тұрған тарихты өз көзімен көру үшін жылына 6 млн адам келеді екен. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өседі деген үміт бар. Бүгінгі жиынның аты «Қазақстан – Франция» деп аталғанымен, ауқымы әлдеқайда кең. Форумға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген музей басшылары, халықаралық деңгейдегі танымал сарапшылар қатысты.
Автор
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Жасанды интеллект негізіндегі телемедицинаның келешегі зор
20.05.2026, 20:59
Өндіріс пен инфрақұрылым: Алматы облысындағы ірі жобалардың жайы
20.05.2026, 20:57
Шенген аймағындағы шекаралық тексеру цифрландырылды
20.05.2026, 20:14
Жанар-жағармай қымбаттады
20.05.2026, 20:13
Маңғыстауда ірі мұнай компаниясына жарты миллиард теңге айыппұл салынды
20.05.2026, 20:12
Кенеден келетін кеселдің алдын алу шаралары жүргізілуде
20.05.2026, 20:10
Эбола вирусынан қайтыс болғандар саны 139-ға жетті
20.05.2026, 20:09
Бейжіңде Қытай мен Ресей басшыларының саммиті өтті
20.05.2026, 20:07