Басты Жаңалықтар Өндіріс пен инфрақұрылым: Алматы облысындағы ірі жобалардың жайы

Өндіріс пен инфрақұрылым: Алматы облысындағы ірі жобалардың жайы

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысындағы ірі өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысын тексерді. Жұмыс сапары барысында жаңа зауыттар, индустриялық аймақтар, жол құрылысы, газ және электр желілері мен коммуналдық нысандар араланды. Өңірдегі өндіріс орындарын тұрақты энергиямен қамту, инженерлік инфрақұрылымды күшейту және алдағы қыс маусымына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Нұрлыбек Нәлібаев алдымен Орталық Азиядағы ең ірі снек шығаратын PepsiCo Central Asia зауытының құрылысымен танысты. Құны 370 миллион доллар болатын жоба толық іске қосылғанда жылына 70 мың тонна дайын өнім өндіреді. 210 мың тонна жергілікті картоп өңделіп, 900 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Биыл іске қосылатын алғашқы кезеңде-ақ, 16 мың тонна өнім шығару жоспарланған.

Бірінші вице-премьер «Алтын Таға» өндірістік кешенінде де болды. Компания құрылыс материалдары мен металл өнімдерін шығарады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 34 миллиард теңге. Мұнда 13 өндірістік нысан салу жоспарланса, әзірге оның 6-уы пайдалануға берілген. Кәсіпорын өкілдері өндірісті толық іске қосу үшін газ бен электр қуаты жеткіліксіз екенін айтты. Сондай-ақ құжат пен  мен қаржыландыру мәселелері көтерілді. Қазір 30 пайыз қуатпен жұмыс істеп тұрған өндіріс орны толық іске қосылса, бас-аяғы 1 200 адам жұмыспен қамтылады.

Нұрбол Берікболұлы, «Алтын таға» компаниясының бас директоры:

Енді әрі қарай жоспарды дамыту үшін мемлекет тарапынан көмек болса. Газ бар бірақ оның қуаты жетпейді. Электр қуаты да бар бірақ біз толық цехтарымызды іске қосқан кезде бізге жетпей қалады. Жүк таситын прицептерімізді біз әлі заңдастыра алмай отырмыз. Оны заңдастыру үшін 5-6 ай уақыт кетеді екен.

Нұрлыбек Нәлібаев «Қайрат» индустриялық аймағындағы құрылысқа арналған жылу оқшаулағыш материалдарын шығаратын зауыттың жұмысымен де танысты. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарылады. Жобаға шамамен 60 миллиард теңге инвестиция тартылып, 240 тұрақты жұмыс орны ашылған. Сапар барысында индустриялық аймақтағы электр, газ және жол инфрақұрылымына қатысты мәселелер де көтерілді.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Біз қолдаймыз, Мемлекет басшысы да үнемі тапсырып отырады тұрақты жұмыс орындары болуы керек. Сондықтан біз сіздерге қолдау көрсетеміз. Басқа өңірлерге де салатын болсаңыздар біз дайынбыз. Өйткені басқа өңірлерде толмай жатқан осындай Индустриалды аймақтар бар. Соған да барамыз десеңіздер, қолдймыз. Алматы облысына салғандары өте дұрыс, жаңа облыс керек. Басқа өңірге де ниеттеріңіз болса қолдаймыз Жымбыл, Ақмола немес Павлодар боласа да қолдауға дайынбыз.

Бірінші вице-премьер Алматы-Талғар және Алматы-Бішкек автожолдарын кеңейту жобаларымен танысты. Енді Алматы-Бішкек тас жолының бір бөлігі 8 жолаққа дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ ұзындығы 66 шақырым болатын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының жұмысы қаралды. Нұрлыбек Нәлібаев жол құрылыстарын уақытылы аяқтап, халық игілігіне тезірек беруді тапсырды.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Қаражаты бар жобаларға қатты көңіл бөлу керек. Мысалы, біз 20 өңірден де жобаны басаймыз. Сосын қаражаты жетпесе жартысына келіп тоқтаймыз. Бізге тез аяқталып, халық игілігін көру керек қой. Сондай жобаларға көңіл бөлу керек та, қаражаты бар. Соған икемдеп. Біреуін бітіріп алайық, сосын екіншісіне көшейік. Бір жобаны нақты аяқтап, сосын екіншісіне көшу керек қой. 20 жоба бастағаннан гөрі, қаражатымыз жетпесе 10 жобаны бастайық. Сосын тездетіп аяқтайық та, табыстайық. Одан кейін, келесісіне бастайық. Барлығын қамту мүмкін емес қой. Біз ана жақтан да, мына жақтан да бастаймыз. Сосын қаражат жетпей тұрады. Халық әбіржиді, айналма жолмен жүреді. Ренішін білдіреді, олай болмайды.

Сапар барысында Қонаев қаласының жылу инфрақұрылымы мен Алматы агломерациясын газдандыру жұмыстары да талқыланды. Соңғы үш жылда өңірдегі 22 елді мекен газға қосылса, келесі жылы тағы 9 ауылды көгілдір отынға қосу жоспарланған. Нұрлыбек Нәлібаев, жауапты органдарға инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы аяқтау және алдағы қыс маусымына дейін сақадай-сай болу керектігін ескертті.

Бөлісу