Экотуризмге арналған жаңа жобалар іске асады
Жетісу облысында туризмді дамыту үшін үш бірдей экопарк бой көтереді. Жоба Президенттің экотуризмді дамыту және экопарктер ашу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде Сарқан ауданындағы демалыс аймағының құрылысы Қарқын алды. Табиғи демалыс аймағының аумағы кеңейтіліп, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Осыдан төрт жыл бұрын шөп басып, жүруге қолайсыз болған аумақ бүгінде Сарқан қаласының ең көрікті демалыс орындарының біріне айналды. Қазір «Қойтас» саябағының аумағы 6 гектарға жуық. Мұнда жаяу адамдарға арналған жол салынып, қажетті инфрақұрылым тартылған. Амфитеатр, балалар және спорт алаңдары бой көтерді. Ал құрылыс жұмыстары толық аяқталғанда демалыс аймағының көлемі 15 гектарға дейін ұлғаяды.
Гүлнәр Батырханова, Сарқан қаласының тұрғыны:
Қар кетпейтін таудың етегінде, таза ауасында, судың сыбдырында барлық мезгілінде халық осы жерді тамашалап жақсы демалуда. Өзімізде анамызбен отбасымызбен келіп демалудамыз. Өте тамаша жоба.Талдықорған маңындағы «Тасбақа» тауы да экопаркке айналады. Көне петроглифтер сақталған тарихи орынға туристер қазірдің өзінде жиі келеді. Аумақты абаттандыру үшін жергілікті бюджеттен 50 млн теңге бөлініп, қазір мердігерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алмас Барлыбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Маусым айында қорытындысын шығарып жұмыстар бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар өзіміздің Талдықорған қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімімен «Тасбақа» экосаябағын дамыту жоспары әзірленуде. Яғни 2026 жылға дейін әр жылдар бойы саябақта бекітілген жоспарға сай жұмыстар атқарылатын болады.Жетісу облысының туристік әлеуетін арттыра түсетін тағы бір табиғи демалыс аймағы Текелі қаласының маңында бой көтермек. Аумағы 21 гектар болатын «Серкасай» экопаркі таулы аймақта экологиялық туризм мен белсенді демалысты қатар дамытуға мүмкіндік береді дейді мамандар. Осылайша өңірде салынатын үш экопаркке жергілікті бюджеттен 180 млн теңге бөлінеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы