Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай әлем және ел көлемінде 500-ге жуық түрлі іс-шара өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай әлем және ел көлемінде 500-ге жуық түрлі іс-шара өтеді

18.07.2019

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау — Абайды тану. Бүгін Үкімет Үйінде хакім мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Келесі жылы айтулы датаға орай әлем және ел көлемінде 500-ге жуық түрлі іс-шара өтеді. Айта кетейік, 30 мамырда Абай Құнанбайлының 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде мерекелеу туралы Президент Жарлығы шыққан болатын.  

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай әлем және ел көлемінде 500-ге жуық түрлі іс-шара өтеді.

 Дана Абай, дара Абай. Қазақтың ұлы ақынға құрметі шексіз. Себебі Абайдың бүкіл өмірі халықты ел болуға, өзге жұрттан кем қалмауға үндеумен өтті.  

 

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Ұлы Абайдың шығармашылығы заманауи Қазақстанның социумда, әсіресе еліміздегі жастар арасында отанға, еңбекке, білімге деген сүйіспеншілік сынды құндылықтарды ілгерілетуге мүмкіндік береді. Ақынның мерейтойын тойлау бұл халықтың одан әрі рухани адамгершілігінің дамуына бағытталған ауқымды оқиға болмақ.

Абай – қазақты, оның болмысы, келешегі туралы терең толғады. Елі үшін сүйінді, күйінді. Кемшілікті жанға батырып, бүкпесіз ашық айтты. Сондықтан тұлғаны тану – мерейтойдың түпкі мәні болмақ.

 

Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері:

Биік тауға шыға алатындай шамаң болса, сен сеңгір таудың бағасын білесің. Ал тек төменде жүрген адам болсаң, биік таудың аспанға жақындығын еш уақытта сезе алмайсың. Сондықтан Абайдың өзін біз қандай тұлға болғанын анықтап, осы жауапты кезде білуіміз керек.   

Абайдың 175 жылдығы даңғаза думан емес, ақыл-парасат деңгейінде өтеді. Ілгері қадам жасалып, ілкімді істер істеледі. Соның бірі – Абай кітабы ағылшын тілінде шығарылмақ.

 

Роллан Сейсенбаев, жазушы:

 Америкада біз Абай атамызды әлем классиктерінің ішіне қойып, мықты кітапты келесі жылы шығарамыз. Ол Американың баспасы өз ақшасына біздің ағылшын тіліне аударған кітабымызды шығарады.

 

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 Халықтың осы мәселеге ерекше сілкіністе тұрғаны, Абай 175 челенджінің жақсы көрініп отыр. Президент Тоқаевтан бастап, халықтың белгілі тұлғалары, қарапайым азаматтар Абай өлеңдерін жаттап, бір-біріне жалғастырып жатқаны өте бір ғанибет!

 

Мерейтойдың межесі – Абай тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Бұдан бөлек Абайдың әкесі Құнанбайдың тұлғалық маңыздылығы мен тарихи-мәдени рөлі арттырылмақ.

 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу