«Алтын виза» кімдерге беріледі?
«Алтын виза». Премьер-министрдің орынбасары, Ақпарат және мәдениет министрі А. Балаева көші-қон саясатына байланысты өзгерістер болатынын, оның ішінде шетелдерден білікті мамандарды тарту үшін «Алтын виза» енгізілетінін хабарлады.
Ылғи айтамыз – біз отаршыл жүйеден шыққанда дамыған елдерге ілесу өте қиын болды. Оның зардабын әлі тартып келеміз. Ал енді технологиялық төңкеріс заманы басталып кетті. Цифр заманы. Бізге енді осы көштен қалмау – міндет. Ол үшін өзіміз де мамандар дайындауымыз керек.
Дегенмен, уақыттың «алтын» екенін ескерсек, профессионал мамандардың көмегі қажет-ақ. Маман тарту ашық әрі мөлдір болса, тәлім алу қыры қатар жүрсе, идея жемісін береді.
Еуропа Одағында «алтын виза» бағдарламасы екі бағытқа негізделді. Ол - жылжымайтын мүлікке инвестиция немесе нарықтағы компанияларға қаржы салу. Иә, бұл мемлекет үшін қысқа мерзімде тиімді болды. Бірақ экономикаға тікелей әсер аз. Сондықтан кей елдер «азаматтық сатылады» деген сынға ұшырады.Қазір «алтын визаның» шарттары өзгеруде.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Себебі жаһанда тағы бір тартыс жүріп жатыр. Жерасты байлығын былай қойғанда, аса таланттар үшін күрес күшейді. Күндердің күні табиғи ресурстардың түбі көрінері сөзсіз. Ал, адам капиталы – ең құнды ресурс.Сондықтан мүдделі мемлекеттер «милы бастарды» барынша «байлап» қалуға бейіл...Келешекте көз ауруларын емдеуге кванттық технология қолданылмақ. Қазірдің өзінде онда аппараттардың алғашқысын Гонконг клиникалары пайдаланып отыр. Бұл жобаның басы-қасында қызылордалық дәрігер Мұхит Құлмағанбетов те жүр. Оның ілім жолындағы ізденісін байқаған мемлекеттер ә дегеннен түрлі гранттар ұсынған. Таңдау – Гонконгқа түсіпті.
Мұхит Құлмағанбетов, Офтальмолог-дәрігер, кванттық оптика зертханасының меңгерушісі:
Мұндай құрылғыны біз әлемде бірінші жасап отырмыз. Бұндай механизм Гонконгте өте жақсы дамыған. Кез келген ғалымға мемлекет тарапынан қаржыландырып болғаннан кейін «сен не істедің?», «бұдан сен бизнес жасай аласың ба?» «стартап жасай аласың ба?» деген сұрақтар қойылады. Өйткені, Made in Hong Kong деген сияқты заттарды көбейту керек деген саясат бар.
Алғашында
қазақ баласына 3 жылдық арнайы келісімшарт ұсынылған. Ал, инновациялық жобадан
соң тұрақты жұмыс визасы берілген. ЕуроОдақ елдері де былтырдан бастап
таланттар үшін таласты күшейтті. «Ғылым үшін Еуропаны таңда!» деп арнайы
бағдарлама әзірледі. Бұған 500 млн еуро қаралған. Соған сәйкес зерттеушілерге 7
жылға дейін ұзақ мерзімді гранттар тағайындалып, жобаны бастауға 2 млн еуро
бөлінеді және кеңейтілген степениялар тағы бар. Соның арқасында ғылымы кенжелеп
жатқан 120 мемлекеттен озық ойлы адамдарды алдырып жатыр.
Антонио Бускардини, Орталық Азия бойынша тәуелсіз сарапшы:
Елге талант тарту – бәсекеге толы боп тұр. Әсіресе, ЕуроОдақ елдерінде. Бұл бағдарламалар негізінен COVID-тен кейін, елге жылдам инвестиция тарту үшін енгізілді. Қазір оларға қаржылық гранттардан бөлек, елге келуге де, қалуға да жағдай жасайды. Нәтижесінде, мемлекет жаңа таланттарға ие болады.
Біріккен Араб Әмірліктері 2019 жылдан
бастап «Алтын виза» бағдарламасын енгізді. Экономист-сарапшы Абдулрахим
Абдулвахидтің айтуынша, бағдарлама елдің ұзақ мерзімді экономикалық даму
стратегиясының негізгі тірегіне айналған. Табысты тұлғалардан бөлек, ІТ,
Жасанды интеллект пен медицина саласындағы мықты мамандар Дубайдың даму
үдерісін жеделдеткен. 2023 жылдың өзінде шамамен 158000 виза берілген.
Абдулрахим Абдулвахид, сарапшы:
Бұл жоғары білікті мамандар, кәсіпкерлер мен инвесторлардың бір экожүйеде шоғырлануына алып келді. Соның нәтижесінде стартаптар саны артты, венчурлық инвестициялар көбейді және халықаралық компаниялардың өңірлік штаб-пәтерлері ашыла бастады. Жеке табыс салығының болмауы, ұзақ мерзімді тұрақтылық және Азия, Еуропа, Африка арасындағы тиімді географиялық орналасу — қаланың Лондон, Сингапур және Гонконг сияқты ірі орталықтармен тең деңгейде бәсекелесуіне мүмкіндік берді.
Ляс Сейдан, бизнес саласы бойынша сарапшы:
«Алтын виза» енгізілгеннен кейін және БАӘ-ге шетелдік тікелей инвестициялардың өсуі арасында айқын байланыс бар. 2024 жылдың өзінде шетелдіктер 45 миллиард доллардан аса қаржы құйды. Осылайша,инвестиция тарту БАӘ-і алғашқы 10 елдің қатарына енгізеді. «Алтын виза» жалғыз себеп деп айта алмаймыз. Бірақ шетелдік инвесторлар мен мамандар санының артуы арасында нақты байланыс бар.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Қазақстан да білікті мамандарды тарту үшін көші-қон саясатын жаңартуға кірісті.Үкімет шетелден келетін кәсіби кадрларға қойылатын артық талаптарды азайтып, ашық әрі ыңғайлы жүйе қалыптастыруды жоспарлап отыр. Осы тұста біз нені ескеруіміз керек?
Сыртан келетін басшылық мамандарға да инвестиция тартуға байланысты, жұмыспен қамтуға байланысты, салықтық базаны қалыптастыруға байланысты талаптарды қою керек. Алайда, сол бұрынғы қалпымен ешқандай есептілік бермей, негізгі мүддесі басқа жақты қарайтын болса, әрине онда нәтижесі болмайды.
Еңбек министрлігі мәліметінше, «Алтын виза» екінің біріне берілмейді. Тек еңбек нарығында тапшы мамандар ғана құжат алатынын айтады. Бұған қоса, өндіріс немесе инфрақұрылым саласында жобаны жүзеге асыратын шетелдік инвестор тұруы және бизнесі үшін тұрақты жағдайларға ие болады. Оларды жеке табыс салығынан, сондай-ақ мүлік пен жер салығынан босату және...
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Одан бөлек, мемлекет тарапынан өтіп жатқан әртүрлі гранттарға, қаржылық стартаптарға қатыстыруға мүмкіншілік беріп отыр. Яғни, оларға қойылатын талап та бөлек болуы керек. «Алтын визамен» келетін адамдарға бірінші қойылатын талап мемлекет тарапынан біз оларға жағдай жасағаннан кейін олардың бізге берері болу керек.
Келген адам жұмысын істеді, ақшасын алды, өз еліне қайтты емес. Белгілі бір компанияда, ұйымдарда жұмыс жасаған кезде тәжірибесін, дағдыларын өзіміздің жергілікті кадрларға беру қажет.
Былтыр елде квота арқылы 14 мыңнан аса адам жұмыс
істеген. Соның 4 мыңға жуығы басшылық қызметте, 2,5 мыңдайы құрылымдық
бөлімдерде, 4 мыңнан астамы маман ретінде еңбек еткен. Қалғаны маусымдық
жұмыстарға тартылған. Ибрагим Шайеа Astana IT University-нің шақыртуымен
келген. Киберқауіпсіздік саласында жұмыс істейді.
Ибрахим Шайеа, Astana IT University Киберқауіпсіздік мектебінің профессоры:
Бұған дейін виза мәселесінде біршама қиындықтар туындаған. «Алтын виза» бағдарламасы енгізілсе, Қазақстанға осы саладағы мықты мамандарды көптеп тартуға мүмкіндік береді. Себебі, ІТ технология қарқынды дамып жатыр. Сондықтан киберқауіпсіздік мәселесі үнемі басты назарды болу тиіс.
Жалпы маңызды
салаларға топ-менеджерлерді тарту Қазақстанға таңсық дүние емес. Бұған мысал
болатын кейс көп. Табысқа жеткендер де, кей тұста қате жібергендер де бар. Ең
жарқын мысал: «Air Astana» компаниясын осы сәуірге дейін басқарған
британдық Питер Фостер. Қалай болғанда да «Air Astana»-ны нарықта ірі ойыншыға
айналдырды. Ал түпкі мақсат – Мұхит сияқты мықты мамандардың тәжірибе жинағасын
жерімізде жұмыс істеуіне барынша жағдай жасау. Ынталандыру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы