Дәрі-дәрмек нарығындағы ұрлық: 3,7 млрд теңгені жымқырған компанияны әшкереленді
Дюшен бұлшықет дистрофиясы – бұлшықеттің біртіндеп әлсіреуіне және семуіне әкелетін ауыр, тұқым қуалайтын генетикалық ауру. Бұл ауру ер балаларда жиі кездеседі. 3-5 жас аралығында байқалады. Баланың жүруі қиындайды, жиі құлайды. Ал 10-12 жаста жүру қабілетінен айырылады. Кейін тыныс алу және жүрек бұлшықеттері зақымданады.
Қазіргі таңда ауруды толық жазатын ем жоқ. Дегенмен, стероидты препараттар мен физиотерапия аурудың дамуын баяулатады...
Қаржылық мониторинг агенттігі Дюшен бұлшықет дистрофиясымен ауыратын балаларға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу кезінде қазына қаржысын ұрлаған фирманы анықтады. Ұрлық 3,7 млрд теңгеден асады.
Күдіктілерден 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй «табылды». Ауру балаларға арналған ақшаны жеу деген... Сөз жоқ.
Салық төлеушілердің ақшасынан құралатын бюджеттен сирек кездесетін генетикалық ауруға шалдыққандарға қымбат дәрі алуға ешкім қарсы емес. Бірақ ол ақшаның бір «схемалар» арқылы біреулердің ұрлауына төзу қиын...
Жоғары аудиторлық палата 2024 және 2025 жылдары «СК Фармация» компаниясын тексергенде 741 миллион теңгенің рәсуа болғанын анықтаған. Яғни ақша дұрыс жұмсалмаған. Сондай-ақ 371 түрлі дәрі мүлдем сатып алынбағаны немесе кешіктіріліп алынғаны белгілі болған. 13 түрлі дәрі нарықтағы бағадан әлдеқайда қымбатқа алынғаны да анықталған.
Тек 2024 жылдың өзінде СК Фармация компаниясы 480
миллиард теңгеге дәрі-дәрмек сатып алған. Оның барлығы мемлекет есебінен тегін
берілетін дәрілер.
Былтырдан бері Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбенов бұл саланы «фарммафия» деп атап Бас прокуратураға осы саланы тексеру жөнінде арыз жазған. Депуттар жемқорлық схемаларын да әшкереледі. Соның бірі - дәрі жеткізуші компаниялар СК Фармация ұйымдастырған тендерге қатысып, делдалдар арқылы қалтасын қампайтып отырған.
Оны алдымен Дубайда компания ашады. Оған сатады. Ол әкеліп біздің компанияларға екі-үшеуіне сатады. Сөйтіп екі ортада бір ғана дәрі түрі бойынша 4 миллиардқа жуық теңгені қосып сатады.
Күні кеше Қаржылық мониторинг агенттігі тура сондай
тәсілмен 5 жыл бойы дәрі-дәрмек жеткізіп жалпы 3,7 миллиард теңгені жымқырған
«Интерсервис» деген компанияны әшкереледі.
Компания басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосып, сол арқылы жалған мәмілелер жүргізген. Осы схема арқылы препараттардың сату бағасы жасанды түрде өсіріліп, олардың нақты өзіндік құны жасырылып, заңсыз пайдаланған.
«СК
Фармация» биылдан бастап өндірушінің өзінен тікелей сатып алуды көбейткен. Бұл
ортадағы «паразит» делдалдарды азайтудың амалы.
Осы 2026-2025 жыл екеуін қарастырсақ екі есеге көп болып өсті тікелей сатып алынатын дәрі-дәрмектер. Зауыттардан 90,6 миллиард теңгеге алынған болса, 179 атауы дәрілік заттың, ал 26 жылы 146 миллиард теңгеге астам соммаға алынды. 369 атау оған кіреді. 25 жылдың сатып алуы бойынша 85,5 миллиард теңге үнемделді.
Дәрі-дәрмек тексерейік десек «болмайды» дейді. Неге? «Кәсіпкерлік кодекс”, заңсыз. Бизнеске кедергі жасамаңдар». Мен айтамын «қалай бұл? Адамның өмірі ғой. Денсаулығы ғой». Кәсіпкерлік кодекске өзгеріс енгізіп денсаулық сақтау саласын сызып тастадық тексеруге болмайды деген. Сөйтіп тексеріп бастады.
Депутаттар тексеріс барысында кейбір дәрілердің бірнеше
есе қымбатқа алынғанын да анықтаған.
«Виктоза» деген дәрі бар. 47 мың тұрады ауруханада. Біздің мемлекет солай сатып алған. Жеке компаниялар 17 мыңнан сатады. Міне, мемлекетке 3 есе қымбат. Үш есе рактың дәрісін қымбат алып келсе, қант диабетіне 2-3 есе қымбат алып келсе бұл нені білдіреді? 2-3 есе адамның дәріге қолжетімділігі азаяды. Үш адамның орнына бір-ақ адам емделеді. Қалған екеуі қайтыс болады дәрі болмағаннан кейін.
Депутаттың сөзіне мына бір статистика тұздық болатындай: 2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің жедел желісіне 15 мыңнан астам адам хабарласқан. Көбіне азаматтар тегін берілетін дәрілердің кешігіп жатқанын айтқан. Оның шамамен 30 пайызы қант диабетіне шалдыққандар екен. Одан бөлек 900-ге жуық адам онкологиялық препараттар уақытында жетпей жатқанын айтқан.
Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы жемқорлықтың негізгі ошағы болып отыр. Бұл туралы біз бір жылдан бері айтып келеміз. Заң бойынша дәріні сараптау 210 күннен аспау керек. Бірақ бізде бұл процесс кейде бір жылға, тіпті одан да ұзаққа созылып кетеді. Осылайша кейбір дәрілік препараттар уақытында нарыққа шықпайды. Бұл белгілі бір фармтоптардың мүддесін қорғау әрекеті.
Барлық аурларға протокол арқылы тек қана ана дәрілерді жазып қояды. Одан да жақсы дәрі бар. Одан да сапалы, тиімді дәрі бар. Жоқ тек қана аналарды. Тізімге дәріні кіргізу мерзімін азайтып жатырмыз. Кейбір дәрілерді 15 күнге дейін жеткіздік.
Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбек бұл фармацевтика саласындағы тексерістің басы ғана болуы керек дейді. «Миллион, тіпті миллиардтаған қаржыны жымқырған компаниялармен қоса соған жол берген жоғары лауазымды шенеуніктерді жауапқа тарту керек» дейді олар. Заң үстемдік құрса жауапқа тартылады. Қос-қостап алған үйлері мен көліктері тәркіленеді. Тек соның салдарынан өте маңызды дәрісі уақытында жетпей демі үзіліп кеткен адамдарды ешкім қайтара алмайды... Сондықтан ауру балаларға арналған қаражатты ұрлайтындар жүргендіктен түбіне дейін қопаратын тексеріс тоқтамауы керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы