ШҚО-дағы шахтада бір жұмысшы қаза тапты
Кеше тағы бір жұмысшы өндіріс ошағында қаза тапты. KAZ Minerals компаниясының Шығыс Қазақстан облысындағы Артемьев шахтасында. Жөндеу жұмыстары кезінде шаң және желдету қызметінің механигі 9 метр биіктіктен құлап, мерт болған. Тергеу басталған.
Компания марқұмның отбасына барлық көмекті береміз деген. Айтатыны: 27 сәуірде KAZ Minerals-қа қарасты Орлов шахтасында тау массасы опырылып, екі жұмысшы үйінді астында қалған, бірі сол жерде көз жұмған.
Ал компания акционері Владимир Кимнің байлығын биыл Forbes журналы 5,9 миллиард доллар деп бағалаған.
Осы аптада сонымен бірге Өскемендегі «Қазмырыш» компаниясына қарасты зауытта жарылыс болып, екі адам опат болғаны мәлім. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«... Ешкім қамалған жоқ. Тергеу амалдары, оның ішінде сараптамалар жүргізілген соң, қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз», – дейді Ішкі істер министрінің орынбасары. Ал компанияның өзінің мәліметінше, түтін шығаратын желдеткішті тазалау кезінде алдымен жарылыс болып, сосын өрт шығып, өндіріс орны ішінара қираған. Екі адам қаза тапты дедік және бес адам жараланған. Үш адам үйіне жіберілген. Екі адамның жағдайы ауыр. Астанадан мамандар барды. Денесінің 90 пайызы күйіп қалған адамның жағдайы өте ауыр, дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатқаны хабарланды. Енді бір жұмысшы омыртқасынан жарақат алған. Компания мерт болған және зардап шеккен адамдардың отбасыларына барлық көмек көрсетіледі деп уәде беріп отыр. Қаржылай және психологиялық.
Елімізде өндіріс ошақтарында мерт болу, мертігу ілеуде бір кездеспейді. Жылына 1 жарым мыңдай төтенше жағдай болып, 200-дей адам опат болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы