Басты Жаңалықтар Шығын бар, кіріс қандай? Цифрлық саланың экономикаға пайдасы

Шығын бар, кіріс қандай? Цифрлық саланың экономикаға пайдасы

Күн тәртібінен бір сәт түсірмейтін мәселе – цифрлық технологияларды дендеп енгізу. Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы Алматыда өтті.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Халық ІТ технология, онлайн платформалар, цифрлық мемлекеттік қызметтердің игілігін көріп жатыр. Яғни бұл салада айтарлықтай жетістіктер бар. Бірақ көбінесе уақыт үнемдеудің тиімділігі мен қызмет сапасын арттыру тұрғысынан ғана бағаланып келді. Ал экономикалық пайдасы қандай деген сұраққа әзірге нақты жауап жоқ.

Мысалы, жалпы ішкі өнімге әсері, еңбек өнімділігіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, салық түсімдеріне немесе бизнестің тиімділігіне қосқан үлесі туралы талдау жүргізілмейді. Себебі цифрлық экономика туралы тұжырымдама толық жасақталмаған. Бірізділік жоқ. Президенттің айтып отырғаны осы.

Әлия Жаукеева, Қазақстандық қоғамдық даму институты деректер, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бөлімінің басшысы:

Біздің ұлттық статистика методологиясы бойынша ол бөлініп саналмайды. Сауданың ішінде электрондық сауданың үлесі қанша, қаржы жағында электрондық комиссияның үлесі ретінде бөлініп саналмайды. ЖІӨ 5 пайызға артты. Бірақ нақты цифрлық экономиканың үлесі қанша екені белгісіз. Өйткені цифрлық экономикаға қазір қаражат ауқымды құйылуда. Сол өзін ақтап шығу керек қой. Мәселе осында.

Айбар Олжай, экономикалық шолушы:

Жасанды интеллект – ішкі жалпы өнімдегі негізгі эффектісі қандай? Мысалы, біз 100 теңге тапсақ, соның қанша теңгесін жасанды интеллектінің көмегімен таптық? Жасанды интеллект пузырьге айналып кетуі мүмкін. Бәріміз жасанды интеллект деп жүгіріп жүреміз. Ақшаны құртамыз, бірақ шын мәнінде ЖИ экономикамызға түк пайда әкелмейді. Сондықтан осы мәселені шешіп алу керек. Нақты параметрлерін қою керек.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Яғни, біздің елде оны есептеудің нақты параметрлері, методикасы жоқ. Дүниежүзілік банктің көрсеткіштеріне сүйенсек, жаһандық жалпы ішкі өнімнің 15 пайызы цифрлық экономикаға тиесілі. АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты экономикасы ілгері дамыған мемлекеттерде бұл жеке сектор ретінде қарастырылып, арнайы әдістемелер арқылы есептеледі және есептеу тәсілі анағұрлым қиын да емес.

Әлия Жаукеева, Қазақстандық қоғамдық даму институты деректер, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бөлімінің басшысы:

Менің салам оқу-ағарту саласы болса, мен айтамын, менің тапқан өнімім осынша деп, бірақ оқу-ағарту саласының ішінде өзіміз білеміз онлайн оқу бар, ол цифрлық экономика. Бөліп есептеу әдісін енгізу керек. Ол үкімет деңгейінен түсіріліп, әдістеме ретінде таратылса, оны бөліп санаудың еш қиындығы жоқ.

Айбар Олжай, экономикалық шолушы:

Кейін белгілі бір салада ЖИ керек еместігі де анықталады. Мүмкін ол, керісінше, зиян шығар. Ол саладан ЖИ алып тастау керекпіз. Кей салаға, керісінше, үлкен пайда алып келеді. Ол жерге күштеп енгізу керек.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Яғни, цифрлық жүйе мен жасанды интеллект технологиялық тренд емес, нақты өлшенетін экономикалық құрал болуы тиіс. Сондықтан алдағы уақытта халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, цифрлық экономиканы ұлттық статистикада жеке бағыт ретінде қарастыру жоспары тұр.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Жасанды интеллект бұл – бар деректерді пайдалана отырып, өңдеп, талдап, болжам жасай алатын технология. Яғни ЖИ-дің негізгі ресурсы – толыққанды интеграцияланған шынайы ақпараттық деректер. Ал егер мемлекеттік органдардағы ақпарат әртүрлі платформаларда шашыраңқы сақталса, деректер форматтары бір-біріне сәйкес келмесе және ведомствоаралық ақпарат алмасу әлсіз болса, онда кез келген жасанды интеллект шектеулі деңгейде ғана жұмыс істейді немесе жалған ақпарат береді. Нақты пайдасын көре алмаймыз. Президент меңзеп отырған проблема осы. Яғни ақпараттарды жәй ғана цифрландыру жеткіліксіз, мемлекеттік мекемелер өзара ымыраласып жұмыс істесе, ақпараттар бір арнаға тоғысса, ЖИ қызметі соғұрлым сапалы болады.

Айбар Олжай, экономикалық шолушы:

Көптеген базаның арасында сымтемірмен байлап қойған. Бірақ ол монолитті база емес. Базаны реттеу үшін бізде бір базаның өткізу қабілеті 3 мбт/с, біреудікі 15 сек. Сондықтан бізде қырық жамау құрақ көрпе ғой. Ананың сервері ескі, кірістер комитетін жаңа дейік, ауыл шаруашылығында ескі.

Әлия Жаукеева, Қазақстандық қоғамдық даму институтының деректер, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бөлімінің басшысы:

Мемлекеттік органдардың өздерінің арасында мәлімет алмасу мәселесі әлі күнге дейін бар. Яғни техникалық тұрғыда ол тез іске асуы мүмкін. Бірақ физикалық тұрғыдан іске асуы ұзап кетеді. Ананы дәлелдейсің, мынаны дәлелдейсің, қол қойдырасың, келісесің. Тез керек мәлімет өзінің актуалдылығын жоғалтып алады.

Данияр Оралбаев, «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК атқарушы директоры:

Негізгі мәселелер бүгінгі күні – деректердің шашыраңқылығы, деректер сапасының әртүрлілігі, ЖИ мамандарын күшейту керек және есептеу қуаттарының жеткіліксіздігі. Кейбір деректерді бір-бірімен алмастыру, байланыстыру қиындықтары бар. Өйткені бір стандарт қолданған жоқ. Әртүрлі стандарт қолданған.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Әзірге ең үлкен деректер платформасы – «Smart Data Үкімет» жобасы. Оның ішінде 120-ға жуық ақпараттық жүйе бар. Бірақ бірыңғай мемлекеттік база ретінде қарастырылмайды. Себебі бүкіл ведомство қамтылмаған. Әр органның өзінде де саны бар, сапасы жоқ ақпараттық жүйе жетіп артылады. Мысалы, бір ғана Денсаулық сақтау министрлігінің өзінде 100-ден аса ақпараттық жүйе бар.

Әлия Жаукеева, Қазақстандық қоғамдық даму институты деректер, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бөлімінің басшысы:

Өзекті болу керек, таза болу керек, сапалы болу керек, семантикалық тұрғыдан бірыңғай стандартқа сай болу керек. Осындай болса ғана ЖИ енгіземіз. Өйткені бір адамның атын бес түрлі қылып жазып көрсетсеңіз, машина үшін ол 5 объект. Ал біздің көздеп жатқанымыз – нақты мәліметке жету.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Десе де ЖИ элементтері кей салаларға енгізіліп жатыр. Мысалы, цифрлық көмекшілер, болжамды аналитиктер, смарт-сити жобаларын атап өтуге болады. Егер елімізде бірыңғай деректер базасы құрылса, жасанды интеллект кез келген мәселенің шешімін ұсына алады.

Айбар Олжай, экономикалық шолушы:

Ол, мысалы, алдын ала айтады: сізге мына жерге жер жетпей жатыр. Адам көбейіп келе жатыр. Мына жерге жол салу керек, өйткені база бойынша осындай жоба бар. Алдын ала мемлекетке барлық қадамын айтып отыратын мүмкіндікке ие болады. Былай қарағанда жасанды үкімет, жасанды премьер-министр, жасанды президент сияқты орган пайда болады.

Данияр Оралбаев, «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» ШЖҚ РМК атқарушы директоры:

Сол сапаны көтеру барысында әр министрлікпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Деректерді талдап, қай жерде қай деректердің сапасы төмен, оны көтеру үшін қандай әрекет керек, қандай шешім қабылдау керек, қандай ақпараттық жүйеден пайдалану керек жағын біз үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Әзірге бұл жұмыстардың белгілі бір дедлайны жоқ, – дейді мамандар. Иә, тез арада жүзеге асатын шаруа емес. Әйтеуір ұмтылыс бар. Ең бастысы, қай салада болсын, түпкі нәтижеге жету үшін әркім жеке жауапкершіліктен қашпауы қажет, – деді Президент жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында. Және Қасым-Жомарт Тоқаев бізде басқа таңдау жоқ екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Цифрландыру мен мемлекеттік жобалардың пайдасын жан-жақты зерделеу қажет. Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясы аясында «ізашар жобаларды» іріктеп шығарды. Оларды мұқият сараптап, экономикаға тікелей әсерін анықтау керек. Жалпы қай салада болсын, түпкі нәтижеге жету үшін әркім жеке жауапкершіліктен қашпауы қажет. Бізде басқа таңдау жоқ.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Демек не тиімді цифрлық экономика құрамыз, не өркениет көшінің соңында қаламыз. Басқаша айтқанда, «не боламыз, не бордай тозамыз».


Бөлісу